Арсен Байзақ, Жамбыл
Назарда – балалар демалысы
Оқуға 1 мин
Жамбылдық теміржолшылар балалары демалып жатқан «Болашақ» сауықтыру лагерінде болып, осындағы балалардың әлеуметтік жағдайымен танысып қайтты.
Жамбыл бөлімшесі мен Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі және Жамбыл вагон пайдалану депосының қызметкерлерінен жасақталған арнайы комиссияның мақсаты – балаларға жасалып отырған жағдаймен толыққанды танысу болды.
– Біз теміржолшылардың ұл-қыздарының демалысы мен оларға лагерь қожайындары жасап отырған жағдайды назарда ұстап отырмыз. Өйткені, жаз айларында астан улану немесе қауіпті саяхат сынды түрлі келеңсіз жағдайларды естіп-көріп жүрміз. Сондай жағдайлардың орын алуының алдын алып, балалар қауіпсіздігін назарға алдық. Ағымдағы жылы Жамбыл бөлімшесі еңбеккерлерінің 360 баласы жаз айларында осы «Болашақ» лагерінде демалып жатыр. Сондай-ақ мұның алдында жоғарыдағы комиссия Қаратау, Жаңатас өңіріндегі «Тау самалы» және «Жұрындысай» лагерьлерінде болып, ондағы балаларға ұсынылып отырған жағдайлармен танысты. Лагерь басшылығына көңілден шықпаған кейбір жайттарға байланысты өз ұсыныс-ескертпелер бердік. Жалпы алғанда, балалар демалысы ойдағыдай ұйымдастырылған деп баға беруге болады, – дейді Жамбыл жол бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Нуридин Қожанов.