Ақтөбе теміржолшылары үйі өртенген және су астында қалған отбасыларға бір кісідей көмек қолын созды. Жіңішке станциясының кәсіподақ комитетінің жетекшісі әрі станцияның жүк қабылдап алушы-тапсырушысы Сара Бижанованың  айтуынша, станцияда қызмет ететін екі отбасыда биыл қиын жағдай орын алыпты.  Біреуінің үйі өртеніп,  ал пойыз құрастырушы Ізбасар Августовтың үйі су тасқыны кезінде су астында қалды. «Екі отбасыға да Жіңішке станциясы ұжымы қолдан келген көмекті жасадық. Станциядағы  жас маманның бірі Ізбасарға тек станция ұжымы емес, жергілікті билік өкілдері де қол ұшын созды. Сонымен бірге, әріптестері құрылыс жұмыстарына көмектесіп, жұмыстан бос кезде үйін көтерісуге қол ұшын созып «асар» жасады», дейді кәсіподақ төрайымы. Оның айтуынша, сонымен бірге, үш баласы бар отбасыларға білім күні қарсаңында балаларына арнайы материалдық көмек көрсетіліп,   екі ардагерге денсаулығын түзеп қайтуға шипажайға жолдама берілген. «Бүгінде жаңа жыл мерекесіне дайындық басталып кетті. Жіңішке станциясы қызметкерлерінің 90-ға тарта баласына жаңажылдық сыйлықтар әзірленіп жатыр», – дейді Сара Бижанова.

Асқар Ақтілеу, Жіңішке