Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Бөлімше чемпионы анықталды
Оқуға 2 мин
Семейде теміржолшылар арасында ұйымдастырылған спорттық ойындар біріншілігі аяқталды. Осыған дейін Аягөз, Шар, Дегелең, Жарма және Семей станциялары бойынша іріктеу ойындары өткен болатын.
Нәтижесінде жүзден жүйрік атанған командалар ақтық финалда кездесті.
Жасанды футбол алаңында өткен шешуші ойынға бөлімше үздігі атанған бес команда қатысты. Мини-футбол теміржолшылар арасында ең жақсы дамыған ойын. Сондықтан болар, финалда кездескен командалардың барлығы да өз деңгейі бойынша ең мықты ойыншылар саналады.
Тартысты өрбіген кездесулер көп ұзамай өз нәтижесін берді. Ұпай санымен өзге қарсыластарынан басым түскен Семей командасы бірінші орынды еселеді. Айта кету керек, қала бойынша өткен іріктеу ойындарында ТЧЭ-24 мекемесінің машинистері бас жүлдені еншілеген болатын. Ал екінші орынға Жарма станциясынан келген теміржолшылар тұрақтады. Жүлделі үшінші орынды Аягөз және Шар командалары өзара бөлісті.
–Биылғы сайыста футболшыларымыз жоғары деңгейде өнер көрсетті. Команда құрамында әуесқой аяқдопшылар көп. Осыған дейін Семейдегі барлық мемлекеттік мекемелер командаларын ұтқан болатынбыз. Ал ағымдағы жыл бойынша бөлімше жеңімпазы атанған локомотившілер командасы осыдан бірер жыл бұрын мини футболдан ұлттық компания чемпионы да атанған еді. Ендігі арада теміржолшыларымыз осы атағын республика бойынша қайтарып алуға тырысатын болады, – дейді біріншілік жайында пікір білдірген бөлімшенің спорт нұсқаушысы Ертарғын Ермеков.