Теміржолшылар «Қазтест» сынағынан өтті
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Орталық аппаратының, филиалдары мен еншілес ұйымдарының және компанияның желілік деңгейдегі 200-ге жуық қызметкері мемлекеттік тілді білуі бойынша «Қазтест» жүйесі арқылы тест тапсырды.
ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы №914 қаулысымен бекітілген ҚР тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес «Қазтест» жүйесі бойынша қызметкерлердің мемлекеттік тілді қаншалықты білетіні айқындалады. Аталған тұжырымдамада көрсетілген индикатор бойынша 2026 жылы ұлттық компания қызметкерлерінің кемінде 40 пайызы мемлекеттік тілді В1 және одан жоғары деңгейде меңгеруі керек.

– Өткен жылы Қазақстан темір жолы бойынша бүкіл өңірдегі қызметкерлерді қоса есептегенде 1700-1800 адам қазақ тілін білу деңгейін анықтауға тест тапсырған. Олардың 73 пайызы В1 және одан жоғары деңгейді көрсеткен. Биыл мамыр-маусым айларында 4 қалада «Қазтест» сынағын өткіздік, ол бойынша Алматы, Қызылорда, Орал, Ақтөбеде 600-700 адам тапсырды. Енді қыркүйек-қазан айларында Астана, Түркістан, Павлодар мен Таразда өткізу жоспарлануда. Қазтест – мемлекеттік тілдің беделін көтерудің таптырмас тамаша құралы деп айтуға болады. Себебі бұл біздің өмірімізге дендеп еніп келе жатыр. «Қазтестті» тапсыру арқылы ғана мемлекеттік қызметте сатылап өсуге болады, – дейді компанияның Мемлекеттік тілді дамыту секторының басшысы Ербол Тоқтағазы.

Тестті ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы өткізеді. Мемлекеттік тілді дамыту секторы қызметкерлердің тізімін әзірлеп, олардың қатысуын қамтамасыз етеді. Әр бөлімшеге тест тапсырушылар бойынша бөлінген лимиттің толықтай орындалуы бақыланады. Қызметкерлер рандомды, яғни кездейсоқ таңдау әдісімен іріктеледі. Жоспар бойынша әр жылы кемінде 3 мың адам қамтылса, 2029 жылға дейін 18 мыңдай қызметкерді тесттен өткізеді. Тестке онлайн қатыса алмайды, тек қағаз түрінде тапсырады. Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан тестілеу арқылы компания Қазақстандағы тіл саясатын іске асыруға үлес қосып, мемлекеттік тілді дамытудағы міндеттерді кезең-кезеңімен орындап келеді.