Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстаудағы стратегиялық нысандардың жұмысымен танысты
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі стратегиялық маңызы бар өндірістік, энергетикалық, көлік-логистикалық және туристік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері Ақтау теңіз сауда порты, Құрық порты және Ақтау халықаралық контейнерлік хабының қызметін таныстыру кезінде қаралды.
Ақтау портының жылдық өндірістік қуаты 11,8 млн тонна, Құрық портының өткізу қабілеті 6 млн тонна, ал Ақтау халықаралық контейнерлік хабының жобалық қуаты жылына 240 мың жиырма футтық эквивалент контейнерге жетеді. Оның бірінші кезеңі 2026 жылғы наурызда пайдалануға берілді.
Аталған нысандардың дамуы Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға және Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.