Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Жаз қызығына риза
Оқуға 1 мин
Жазғы демалыстарын лагерьде өткізген ақтөбелік теміржолшылардың бір тобы оралды. Балаларының қуанышында шек жоқ, жаз қызықтарын айтып тауыса алар емес...
Ата-аналар балаларына осындай демалыс сыйлаған жазғы лагерьді ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіреді. 7-18 маусым аралығында Қостанай облысының «Мерей» сауықтыру лагерінде демалған балалар бүгінде демалыстан алған әсерлерімен бөлісуде. Олардың айтуынша, балалар лагері орман алқабында орналасқан. Ауасы таза, суы дәмді. Балалар ашық аспан астында түрлі ойындар ойнап, суға шомылған, ал әр кеш сайын түрлі бағдарламалар бойынша көңілді шаралар өтіп тұрған. Бос уақытта Қостанай қаласының көрікті жерлерін аралап, музейлерге экскурсиялар ұйымдастырылған.
7 жастағы Нұртас «Винни Пух» тобында болғанын айтады. Қайтар уақытында лагерьдегі жетекшілерін қимай көзіне жас алғанын да жасырмайды. «Келесі жылы тағы да барам!» дейді нық сеніммен.
– Менің жолдасым Өркен Омаров Ақтөбе локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі, биыл баламыз 7-ге толып, алғаш рет балалар лагеріне тізімге ілікті. Бастапқыда баламызды бірінші рет ата-анасыз жіберіп отырған соң, қатты уайымдадық. Бірақ, лагерьдегі Бауыржан мен Марал есімді жетекшілері ватсап желісінен топ ашып, үнемі байланыста болдық, ризашылығымыз шексіз, - дейді ата-аналардың атынан алғысын білдірген Раушан Омарова.