Қазақстан халықаралық теміржол дәліздерін дамыту мәселесін ЭЫҰ елдерімен талқылады
Астанада Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер теміржол арқылы жүк тасымалын арттыру, халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін күшейту және логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қарастырды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Астанада Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің Көлік министрлерінің 14-кеңесіне дайындық аясында жоғары лауазымды тұлғалардың кеңесі өтті. Жиында өңірлік көлік байланысын нығайтуға, транзиттік әлеуетті арттыруға және халықаралық тасымалды жетілдіруге қатысты бастамалар талқыланды.
Кездесуге ұйымға мүше мемлекеттер мен ЭЫҰ хатшылығының өкілдері, сондай-ақ Бас хатшының орынбасары Силапберды Нурбердиев қатысты. Қазақстан атынан Көлік министрлігінің делегациясы қатысты.
Талқылауда теміржол көлігі халықаралық сауда мен транзиттік тасымалдың маңызды буыны ретінде қарастырылды. Қазақстан тарапы Шығыс–Батыс және Солтүстік–Оңтүстік бағыттарындағы көлік дәліздерін үйлесімді дамыту, жүк жеткізу тиімділігін арттыру және логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін атап өтті.
Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран дәлізінің маңызына назар аударылды. Бұл бағыттар Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын дамытуға, сондай-ақ өңір мемлекеттерінің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Қазақстан делегациясы мультимодальды тасымалды дамыту, көлік жүйелерін цифрландыру және халықаралық дәліздердің тиімділігін бағалау жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Теміржол тасымалы тұрғысынан мұндай шаралар шекаралардағы рәсімдерді үйлестіруге, әртүрлі көлік түрлері арасындағы байланысты жақсартуға және жүк қозғалысын ұйымдастыруды оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Кеңес барысында 2026–2035 жылдарға арналған ЭЫҰ көлік саласын тұрақты дамыту және сыртқы сын-қатерлерге бейімдеу стратегиясының жобасы мен Астана декларациясының жобасы да қаралды. Құжаттар өңірдегі көлік байланысын нығайтуға және мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Қазақстан ұсынған бастамалар қолдау тауып, құжат жобаларын талқылау кезінде ескерілді. Қатысушылар өңірлік көлік ынтымақтастығын одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Кеңестің қорытындылары 15 қазанда Астанада өтетін ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттер Көлік министрлерінің 14-кеңесінде ұсынылады.