Республика күні қарсаңында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС ұжымында үздік қызметкерлерді марапаттау жиыны өтті. Еркін әңгімелесу форматында өткен кездесуде серіктестіктің бас директоры Асан Үмбетов марапатқа ие болған әріптестерінің салаға сіңірген ерен еңбегіне алғысын білдірді.

Бұл кездесуге серіктестікке қарасты филиалдардың «Құрметті теміржолшы», «Адал еңбегі үшін», «Кәсібі бойынша үздік», «Үздік жас маман», «Үздік машинист», «Үздік тасымалдаушы», «ІІІ дәрежелі Теміржол даңқы» төсбелгілерін алған теміржолшылары қатысты.

«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Маңғыстау филиалы директорының жүк және коммерциялық жұмыс жөніндегі орынбасары Амантай Нұрсапин – биыл мерекеде «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болған қызметкерлердің бірі. Еңбек жолын 1991 жылы Атырауда бекет кезекшісі болып бастаған ол содан бергі 35 жыл уақыт ішінде станция кезекшісі, пойыз құрастырушы, станция бастығы, станция бастығының орынбасары, пойыз диспетчері, бөлімше бойынша кезекші және басқа да маңызды қызметтерді атқарып, саланың барлық баспалдақтарынан өткен. Бүгінде тәжірибелі теміржолшы түбек теміржолының өркендеп дамуы жолында аянбай етуде.

– Мен теміржолшылар әулетінен шықтым. Тоқсанға келген әкем станция кезекшісі, анам жолшы болып өмір бойы еңбек етіп, содан зейнетке шыққан. Он бала дүниеге әкелген, соның үшеуі әке жолын таңдады. Осындай айтулы мерекеде еңбегімізді елеп, елордаға шақырып, арнайы марапаттап жатқан компания басшылығына, серіктестік басшылығына айтар алғысым шексіз, – дейді марапат иесі.

Марапат алғандар қатарында биыл теміржол бойында айдалада адасып жүрген 4 жасар баланы құтқарған Алматы бөлімшесіне қарасты Матай локомотив пайдалану депосының машинисі Дәулет Өсербаев та болды. Оның шұғыл шешім қабылдап, пойызды тоқтатып, баланы құтқарған әрекетіне бүкіл ел әлеуметтік желіде куә болған еді. Осы ерлігін тағы бір еске салған серіктестік басшысы темір жолда тек өз ісінің білгірлері ғана емес, жанашыр, қайырымды азаматтар да көп екенін жеткізді. Оған Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «Шапағат» мемлекеттік наградасын тапсырды.


