Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Экономикалық тиімділік еселенуде
Оқуға 2 мин
Ағымдағы жылдың 6 айында Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің филиалдары бойынша 61 рационализатор 62 ұсыныс жасады. Олардың ішінде 8 адам – 30 жасқа толмаған теміржолшылар.
Жоспар бойынша экономикалық тиімділік 336 мың теңге деп көрсетілгенмен, іс жүзінде тиімділік мөлшері 1,3 млн теңгеден асып кетті. Алдағы уақытта аталған рационализаторлық ұсыныстардың экономикалық тиімділігі 6,5 млн теңгеге жуықтайды деп күтілуде.
Бұл туралы Ақтөбе магистралды бөлімшесінің ғылыми техникалық ақпарат орталығының басшысы Майра Өмірзақова хабарлады. Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылда жаңашылдық қызметке белгі беру және байланыс, электрмен жабдықтау дистанциялары мен желілік бағдарламалар әзірлеу орталығы белсенді араласуда.
- Ақтөбе магистральды желі бөлімшесі бойынша Ақтөбе белгі беру және байланыс дистанциясы орталықтау бұғаттау бөлімінің жетекшісі Ж.Жолмұрзин «Үздік рационализатор» деп танылды. 2011-2015 жылдар аралығында 10 рационализаторлық ұсыныс келтірсе, биылғы жылдың 6 айында оның 4 ұсынысы өндіріске енгізілді, - дейді Майра Өмірзақова.
Бөлім басшысы үздік рационализатордың ұсынған жобалары арасында «Ақкемер, Тамды, Алға станцияларының электр орталық қосындарындағы электр энергиясын есептеу және бақылау» жұмысын ерекше атап өтті. Электр орталықтандыру қосындарында қуат көзінің есебі осыған дейін жүргізілмесе керек.
Сонымен бірге, Майра Өмірзақованың айтуынша, үздік рационализатордың соңғы жұмыстарының бірі «Алға станциясында ПВ-ЭЦК қуат алу панелінде П2Ф релесінде қысқамерзімді ток болмаудың алдын алу» деп аталады. Рационализаторлық жобалар сайысында бұл ұсыныс екінші орын алыпты.