Өткен жылдың екінші жартысында Атырау темір жолы  тағы бір станциямен толықты. Ганюшкин станциясының жүгін жеңілдеткен Жолтөбе станциясы бүгінде толыққанды жұмыс істеп тұр.  –Біздің Ганюшкин мен шығысқа қарай орналасқан 7-разъездің аралығы 24 шақырымды құрайды. Осы екеуінің аралығында пойыздар бұрын бір-бірін күтіп, тұрып қалатын. Бұл тасымал көрсеткішіне қай жағынан да кері әсерін тигізбей қоймайтын.  Міне, осындай келеңсіздіктерді жою мақсатында осы екі аралықтан Жолтөбе  бекеті салынған болатын. Енді  аталған бекет арқылы пойыздар осы жерден екінші жолға ауысып, бір-біріне жол ашуда, –  дейді Ганюшкин станциясының бастығы Теңел Исмағұлов. Жолтөбе бекетіне Ганюшкин темір жол станциясынан Айбек Теміртасов, Ержан Жанғатаев және Айбек Избанов сынды жоғары білімді, білікті жас мамандар жіберіліп, ол азаматтар бүгінде бекетте кезекші болып, шағын бекеттің жұмысын дөңгелетіп отыр екен.   – Жаңадан іске қосылған Жолтөбе бекеті толықтай электр жарығымен жабдықталып, пойыздардың жүру кестесі компьютерлік жүйеде басқарылуда. Қызыл кірпіштен салынған кеңсесі жұмыс істеуге сай компьютерлік оргтехника, ауа баптағыш, өрт қауіпсіздігі, т.т. қажеттілікпен  толық жабдықталған. Сондықтан, ауысым бойынша қатынап жұмыс істейтін жігіттер  жағдайларына дән риза, – дейді станция бастығы.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

Атырау