Семей жол бөлімшесінде жыл сайын төл мереке қарсаңында Құрметті теміржолшы атағын алған сала ардагерлерін арнайы қонақ етіп, құрмет көрсету үрдісі қалыптасқан.Жуырда өткен кезекті ардагерлер басқосуын кәсіподақ ұйымы ұйымдастырып, қарияларға дастархан жайып, сый-сияпат көрсетті.Қариялар қазіргі темір жол саласындағы оң өзгерістер мен соны жаңалықтардан хабардар екендіктерін жеткізіп, сонымен қатар, қауіпсіздік күзетіндегі қырағылық пен жол шаруашылығындағы жетістіктер, бөлімше бойынша жүк тасымалының артуы жайында да өзара әңгіме өрбітті.Көпшілік алдында сөз алған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті жанындағы Консультативтік кеңес мүшесі, Семей жол бөлімшесі бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Қырықбай Әлсейітов зейнеткерлер үшін жасалынып жатқан игілікті шаралар қатарына тоқталып өтті. Қазіргі күні бөлімше бойынша екі жарым мыңға таяу зейнеткер бар. Оның ішінде 13 адам Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 51 Құрметті теміржолшы бар екен.