Арсен БАЙЗАҚ, Тараз
Тастаяқтан топ жарды
Оқуға 1 мин
Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясының қызметкерлері жуырда бильярдтан жарыс өткізді. Кәсіподақ ұйымы демеушілік жасаған ойынға дистанцияның 21 қызметкері қатысты.
Бос уақыттарын тиімді пайдаланумен қатар саламатты өмір салтын ұстанған теміржолшылар спорттық ойындардың бел ортасынан табылып, тіпті бірнеше спорт түрінен арнайы құрама команда да құрып алған екен. Анау-мынаудың икеміне келе бермейтін бильярд ойынына «менмін» деген ойыншылар қатысып, өзара сынасты. Тараз станциясының электрмеханигі Юри Дзюбаға жететеін ойыншы жоқ екені алғашқы ойында-ақ көпшілікке мәлім болды. Асқан шеберлігін байқатып, айқын басымдықпен қарсыластарын шаң қаптырған ол жүлделі бірінші орынды иеленді. Ал байланыс учаскесінің бастығы Данияр Бауыржанов екінші орынды місе тұтса, Жамбыл-Жаңатас теліміндегі СЦБ учаскесінің басшысы Асылбек Джакипбеков үшінші орынды қанағат етті.
– Жалпы, дистанция қызметкерлерінің арасында спорттық ойындар жиі ұйымдастырылады. Оған қызметкерлердің де қызығушылығы жоғары. Басшылық тарапынан қолдау болып жатса, неге ұйымдастырмасқа?! Сондай-ақ, дистанция қызметкерлерінің арасында волейболдан жарыстар жиі ұйымдастырылып, оған төрт команда тұрақты түрде қатысып тұрады. Спорттың осы түрінен жарысты сәуір айының ортасында ұйымдастыру ойымызда бар, – дейді мекеменің кәсіподақ ұйымының төрағасы Данияр Бауыржанов.