Қосұйым Мұқашев, Атырау
Дені саудың – жаны сау
Оқуға 1 мин
«Бірінші байлық – денсаулық», тек соның қадірін үнемі біле жүрсек абзал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай Атырау бөлімшесінде кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен теміржолшылардың денсаулығын қарау шарасы өтті.
Атырау теміржол ауруханасының терапевт, көз дәрігері және кардиология бөлімі мамандары екі жүзге жуық теміржолшының денсаулығын тексеріп шықты. Терапевт-дәрігер Құндыз Исмагулованың айтуынша, қаралған адамдардың бәрінің дерлік қан қысымы жоғары, басы ауырады, желке, омыртқа остеохондрозы белең алған. Бұл, біріншіден, өңірдегі экологияның нашарлығынан болса, екіншіден, қозғалыстың аздығы, үнемі компьютер алдында отырғандықтан болып жатқан салдар.
Сондай-ақ, офтольмолог дәрігер Жанар Мырзабекова барлық қаралушылардың көз көруі нашарлығын айтады, сондықтан да оларға сәйкесті рецепт жазып, көзілдірік алып киюге кеңес берген. Кардиолог маман Бибігүл Бақтығали да ЭКГ-дан өткізіп, жүректі сақтауға көп көңіл бөлуді айтады. Бөлімшенің акт жасақтаушы инженері Райгүл Дербисова дәрігерлерге қаралуға жұмыстан қол тие бермейтінін, дүниежүзілік денсаулық сақтау күні қарсаңында осындай мүмкіндік жасаған кәсіподақ ұйымы төрағасы Орынбасар Райсовқа бөлімше мамандары атынан алғысын білдіреді. «Дені саудың – жаны сау» дегендей, аурудың алдын алып, денсаулықты үнемі тексертіп тұру – әркім үшін қажет шара.