Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Көп балалы отбасыларға көмек
Оқуға 2 мин
Семей жүк тасымалдау бөлімшесінің басшылығы теміржолшылар арасындағы әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылар балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар тарту етті.
Бөлімшенің кең ауласында ұйымдастырылған салтанатты шарада филиал директоры Марлен Көкірекбаев барша балақайлар мен олардың ата-аналарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Аталмыш шараны ұйымдастыруға атсалысқан кәсіподақ ұйымы атынан сөз алған «Қазақстан Республикасының теміржолшылар кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Семей өңірі бойынша өкілі Алик Досанов та ізгі тілегін жеткізді. Осыдан соң мектеп жасындағы балалар мен олардың ата-аналарына кеңсе тауарлары толы оқушылар сөмкелері сыйлыққа табыс етілді.
Айта кету керек, өткен жылы 28 ата-ана осындай тарту иеленген болса, биыл олардың саны айтарлықтай артқан. 60-тан астам теміржолшы ата-ана ақшалай сыйлық алған екен. Ал елу шақты балақайға оқуға қажетті құрал-жабдықтар берілді. Басым көпшілігі бастауыш сынып оқушылары. Араларында бірінші сыныпты аттағандар да бар. Сонымен қатар, Марлен Кәрімұлы мен Алик Тұрсынұлының жеке есебінен де бірқатар балақайлар арнайы сыйлық алды.
-Қазіргідей қысылтаяң уақытта балаларды мектепке даярлау отбасы бюджеті үшін оңайға соқпайды. Бізге көпбалалы жанұя ретінде Семей темір жолы басшылығы үлкен көмек жасады. Мектепке керекті барлық жабдықтарды түгендеп сатып алып берді. Алдын ала кадр бөлімінен үйге хабарласып, қандай заттар қажет екенін тәптіштеп сұрады. Осындай қайырымдылық шарасын ұйымдастырған ұлттық компанияға барша ата-аналар атынан зор алғыс білдіремін, - дейді «Күміс алқалы» ана Кенжегүл Саяқова ризашылықпен.