Шалқар – Тассай жаңа теміржолының бойындағы он өткелдің бесеуіне шлагбаумдар қойылды. Сонымен бірге барлық өткелдерге жол дистанциясының екі қызметкерінен бөлініп отыр. Бұл туралы Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінен хабарлады. «Сарыжиде, Аққайтым, Байқадам, Бегімбет, Домбар разъездеріндегі өткелдерге бұрылмалы шлагбаумдар орнатылды», – деп хабарлайды олар. Аталған елді мекендермен қоса, Компала, Жанақ, Шұқыр разъездерінде EBILOCK-950 жүйесі негізіндегі компьютерлік типтегі МП қондырылды. Жергілікті белгі беру және байланыс дистанциясының қызметкерлері нұсқаулық әзірлеуде. IP-TC жедел-технологиялық байланыс, «Тетра» стандартты радиостанция пайдалану тәртіптері де пысықталуда. Өз кезегінде Тассай техникалық қызмет көрсету бекеті мен Байқадам, Шұқыр бақылау бекеттерінің технологиялық процестерінде стандартты емес жағдайларда дөңгелектерді ауыстыруға қатысты жолаушылар мен қала маңы пойыздарын қалпына келтіру бойынша технологиялар әзірленді. Теміржолшылардың хабарлауынша, жоғарыда аталған және тағы басқа да шаралар осы Шалқар – Тассай жол аралығы арқылы жолаушылар және қала маңы пойыздарының өтуін тиісті деңгейде ұйымдастыру үшін қолға алынып отыр.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе