Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Терроризмді түсіндірді
Оқуға 1 мин
Елімізде лаңкестік қаупінің «сары деңгейінің» мерзімі тағы да ұзартылған болатын. Осыған орай, жуырда Атырау жол бөлімшесінің еңбек ұжымына арнайы делегатты бастап келген «ҚТЖ» ҰК» АҚ арнайы қызмет жетекшісі Ленат Рахматуллин мекеме қызметкерлері арасында жалпылама саяси тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында баяндама жасап, терроризм турасында әңгіме өрбітті.
Ленат Рахматуллиннің айтуынша, компания күні бүгін технологиялық тұрғыда қауіптіліктің алдын алуда заңға сәйкес барлық іс- шараларды атқарып келеді.
–Қандай да бір құқық бұзушылық орын алған жағдайда ең алдымен компания жетекшісі зардап шегеді. Негізінен, теріс ағымның жетегіне еріп кетуге жастар жағы бейім болады. Сондықтан біз, жастарды тез жоғалтып алып жатырмыз. Осы жерде айтқым келетіні, әр бөлімнің басшысы ұжымындағы әр жұмысшының өміріне жауапты. Сол себепті, жастардың теріс жолға бағытталып бара жатқанын көрсек, дер кезінде оны тәрбиелеп, сақтап қалуға көмектесуіміз қажет,- деп қызметкерлерді бір- біріне қолдау көрсетуге шақырды.
Үш күнге созылған шарада, Атырау бөлімшесі, Мақат пайдалану депосы, Құлсары темір жол станцияларында жұмысшылармен кездескен делегаттар уахәбби- сәләфилік ағымның шығу тарихы мен ерекшеліктері және қоғамға тигізер зардабы турасында түсінік беріп, қызметкерлер тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.