Тәңірберген АРҒЫН
Қуат көзі тартылады
Оқуға 1 мин
Ағымдағы жылдың аяғына дейін елордада бой көтеріп жатқан екінші темір жол вокзал кешеніне тоқ қуаты берілмек. Бұл туралы энергетика саласының тиісті нысандарына жасалған баспасөз мәслихаты барысында мәлім болды.
Шара барысында елорданың электр-энергетикалық нысандарын жаңғырту жөніндегі инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың аралық қорытындысы жарияланды. 2014-2016 жылдарға бекітілген ауқымды бағдарламалар «Астана-Энергия» АҚ-ның электр энергетикалық нысандарын қайта құрылымдауға, жаңғыртуға және жаңартуға, сондай-ақ тұтынушыларды тарифтерден алынатын қаржының мақсатты жұмсалуы туралы ақпараттандыруға бағытталған.
Жоспарлы жұмыс нәтижесінде шығындар оңтайландырылып, бұл жайт тарифтік сметаға салынған қаражаттың пайдаланылмай қалған бөлігін жылу энергиясын өндіру бойынша көрсетілетін қызметтерге, қосымша инвестициялық шараларды орындауға бағыттауға мүмкіндік тудыруда. Осы орайда, 2016 жылдың соңына дейін 200-дей нысанға жылу және электр энергиясын қосу жоспарлануда. Олар «ЭКСПО», «Абу-Даби Плаза», Астананың жаңа темір жол вокзалы және бірқатар көп пәтерлі тұрғын үй сынды әлеуметтік маңызды нысандар.