Астана халықаралық әуежайында іс қағаздарын жүргізушілер арасында «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» атты жарыс сабақ өткізілді. –Сабақ мақсаты – тілдер мерекесін дәріптеу, тыңдаушылардың мемлекеттік тілді меңгерудегі қызығушылығын ояту, олардың шешендік шеберлігін дамыту, – дейді әуежай қызметкерлерін мерекемен құттықтаған тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Роза Сейтмағанбетова. Жарыс сабақ 3 бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп аталса, «Білімді мыңды жығады» деген екінші бөлімде тыңдаушылар «Астана халықаралық әуежай» АҚ, Қазақстан және Астана туралы сұрақтарға жауап берді. Келесі «Мақал – сөздің мәйегі» бөлімінде тыңдаушылар мақал-мәтел бойынша жарысты. Жарыс соңында қазылар алқасының шешімімен Еңбек қорғау жөніндегі жетекші инженер Р. Абылқайыров, АҚҚ әкімшілік бөлімшесінің инспекторы Ж. Бимағамбетова, ТБ инспекторы С. Мұқанова, ИАҚ есеп жөніндегі технигі А. Шушакова, ҰҚ жөніндегі инженер-инспектор С. Қорғашова жеңімпаздар қатарынан табылды.

Ұлан Ораз