Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Қауіпсіздікті сөз етті
Оқуға 1 мин
Түлкібас жол дистанциясының бойында өткен жылы екі рет бақытсыз оқиға орын алып, пойыз қаққан бір адам опат болып, бірі жарақат алған.
Жамбыл мен Шымкенттің ортасындағы бұл дистанцияда 13 айналым жолы мен 9 бекет бар. 139 шақырымға созылған дистанция бойындағы қауіпсіздік жайын сөз еткен еңбек қорғау инженері Шәмшиддин Дадабаевтың айтуынша, телімдердегі төрт түлік жиі өтетін тұстар қоршалған. Тұрғындар үшін Түлкібас станциясы мен Боранды бекетінде бір аспалы көпір бар. Ал Сұрым, Күркіреусу, Жуантөбе бекеттерінде темір жолдан өтуге ыңғайлы өтпелер жасалынған. Құмшағал станциясындағы жаяу жүргіншілер өтпесін ауылдағы әкімдікпен бірлесіп жөнге келтіріпті. Себебі балалар мектепке теміржол арқылы барып-қайтады. Еңбек қорғау инженері өткен жылдың соңғы тоқсанында Боранды бекетіндегі Ы.Алтынсарин мектебіне, Түлкібастағы П. Шевцова, Бауыржан Момышұлы және Алғабас ауылдық мектебінде болып, оқушыларға қауіпті аймақта жүрудің ережесін қайталап қайтқан.