Пойыз жолсерігі қандай міндеттерді атқарады?

Жолаушылар тасымалы
03.07.2026, 12:54
Оқуға 4 мин

Теміржол көлігімен сапарға шыққан әрбір жолаушыны пойызға мінген сәттен бастап жолсерік қарсы алады. Көпшілік жолсеріктің жұмысын билетті тексеру және төсек-орын жабдықтарын таратумен ғана байланыстырады. Алайда іс жүзінде оның қызметі әлдеқайда ауқымды. Сапар бойы жолсерік жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, вагонның санитариялық және техникалық жай-күйін қадағалайды, қызмет көрсету сапасына жауап береді әрі кез келген төтенше жағдайда жедел әрекет етеді деп хабарлайды Rail-news.kz.

Қазақстан Республикасының заңнамасына, Теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидаларына, сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның қызмет көрсету стандарттарына сәйкес жолсерік бірқатар маңызды міндеттерді орындайды.

Жолаушыларды қарсы алу және отырғызу

Пойыз жөнелтілгенге дейін жолсерік:

* жолаушыларды вагонның алдында қарсы алады;

* жол жүру құжаттары мен жеке басын куәландыратын құжаттарды тексереді;

* электрондық билеттердің мәліметтерін тіркеу жүйесімен салыстырады;

* балаларға, қарт адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға, жүкті әйелдерге вагонға мінуге көмек көрсетеді;

* жолаушылардың қауіпсіз отырғызылуы мен түсірілуін қамтамасыз етеді.

Жолаушыларды ақпараттандыру

Пойыз жолға шыққаннан кейін жолсерік:

* жолаушыларды пойыздағы жүріс-тұрыс қағидаларымен таныстырады;

* өрт қауіпсіздігі және жеке қауіпсіздік бойынша нұсқама жүргізеді;

* пойыз бастығының орналасқан орнын хабарлайды;

* вагон-мейрамхананың жұмыс тәртібі, сервистік қызметтер және сапар барысында қолжетімді қосымша мүмкіндіктер туралы ақпарат береді.

Қажет болған жағдайда жолсерік қол жүгін, багажды және үй жануарларын тасымалдау қағидаларын түсіндіруге міндетті.

Вагонның санитариялық жағдайын қамтамасыз ету

Жолсеріктің негізгі міндеттерінің бірі – вагонның тазалығын сақтау.

Сапар барысында:

* жолаушылар салоны тәулігіне кемінде екі рет ылғалды тәсілмен тазаланады;

* дәретханалар тәулігіне кемінде төрт рет, қажет болған жағдайда одан да жиі тазаланады;

* дәретхана қағазының, сұйық сабынның, қағаз сүлгілердің немесе қол кептіргіштердің және басқа да санитариялық-гигиеналық құралдардың болуы тұрақты бақылауда болады;

* қоқыс уақытылы шығарылып, вагондағы тазалық пен тәртіп сақталады.

Сонымен қатар жолсерік санитариялық жабдықтардың жарамдылығын қадағалайды. Ақау анықталған жағдайда бұл туралы дереу пойыз бастығына және пойыздың электр механигіне хабарлайды.

Жолаушылардың жайлылығын қамтамасыз ету

Жолсеріктің міндеттеріне сондай-ақ:

* төсек-орын жабдықтарының жиынтығын ұсыну;

* қарт адамдарға, жүкті әйелдерге және мүгедектігі бар адамдарға төсек жабдықтарын дайындауға көмек көрсету;

* қауіпсіздік тұтқасы қарастырылмаған жоғарғы сөрелерде жолаушының өтініші бойынша қауіпсіздік белдігін беру және орнату;

* қызмет көрсету стандарттарына сәйкес стақандарды, қасықтарды және өзге де қажетті құралдарды ұсыну;

* фирмалық пойыздарда шай жиынтықтарын, сондай-ақ купе вагондарында гигиеналық жиынтықтарды ұсыну;

* вагонның техникалық жабдықталуына сәйкес мобильді құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік жасау кіреді.

Вагонның техникалық жағдайын бақылау

Жолсерік тұрақты түрде:

* жылыту, кондиционерлеу және желдету жүйелерінің жұмысын;

* жарықтандыру жүйесінің жұмысын;

* есіктердің, терезелердің және бекіту құрылғыларының жарамдылығын;

* сумен жабдықтау жүйесінің жұмысын;

* өртке қарсы жабдықтардың толық болуын және жарамдылығын бақылайды.

Ақаулар анықталған жағдайда жолсерік белгіленген тәртіпке сәйкес қажетті шараларды қабылдап, бұл туралы пойыз бастығына және пойыздың электр механигіне дереу хабарлауға міндетті.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Сапар барысында жолсерік жолаушылардың тасымалдау қағидаларын сақтауын бақылайды.

Ол жолаушыларға:

* вагондарда және тамбурларда темекі шегуге;

* заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға;

* қоғамдық тәртіпті бұзуға;

* тасымалдауға тыйым салынған заттар мен қауіпті заттарды алып жүруге болмайтынын ескертуге міндетті.

Төтенше жағдайлар туындаған кезде жолсерік бекітілген нұсқаулықтарға сәйкес жолаушыларды уақтылы хабардар етеді және тиісті даярлығы болған жағдайда жедел қызметтер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетеді.

Пойыз межелі станцияға жақындағанда

Пойыз межелі станцияға келер алдында жолсерік:

* жолаушыларды алдын ала пойыздың келу туралы хабардар етеді;

* жолаушылардың келісімімен межелі станцияға келуге 30 минут қалғанда төсек-орын жабдықтарын жинайды;

* балаларға, қарт адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға, жүкті әйелдерге вагоннан түсуге көмек көрсетеді;

* жолаушылардың жеке заттарын ұмытып кетпеуін тексереді.

Бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ жүйесінде 5 мыңнан астам жолаушылар вагонының жолсерігі еңбек етеді. Бір ғана рейс барысында жолсерік техникалық жабдықтардың жай-күйін бақылаудан бастап вагонның санитариялық тазалығын қамтамасыз етуге, жолаушыларға қызмет көрсетуге және олардың қауіпсіздігін сақтауға дейін ондаған түрлі міндетті орындайды. Сондықтан бұл мамандық жоғары жауапкершілікті, ұқыптылықты, күйзеліске төзімділікті және кез келген жағдайға жедел әрекет ету қабілетін талап етеді.

Жолсеріктің басты міндеті – әрбір жолаушының сапарын қауіпсіз, жайлы әрі қызмет көрсету сапасының белгіленген стандарттарына сай ұйымдастыру.

Жаңалықтар
16.10.2026
Қазақстан мен Әзербайжан ТХКБ-ны дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Жаңалықтар
16.10.2026
Құлсары жол дистанциясы үздік атанды
Инфрақұрылым
16.10.2026
Сапаға кепілдік бар
Аймақтар
16.10.2026
Өндіріске – жүз жаңа тепловоз
Жаңалықтар
16.10.2026
ALT студенттері теміржолда геодезиялық тәжірибеден өтті
ҚТЖ келбеті
16.10.2026
Матай депосында 43 жыл еңбек еткен маман марапатталды
Аймақтар
16.10.2026
Қазақстан мен Ресей кәсіподақтары меморандумға қол қойды
Аймақтар
16.10.2026
Теміржолшылар тарихи жиын өткізді
Аймақтар
16.10.2026
Бір отар қой шығын болды
ҚТЖ келбеті
16.10.2026
Теміржолшылар әулеті үздіктер қатарынан көрінді
Жаңалықтар / Мұрағат
16.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №82 16 қазан 2026 жыл
Жаңалықтар
15.10.2026
NEW SILK WAY форумында Орта дәлізді дамыту мәселелері талқыланды
Жаңалықтар
15.10.2026
«NEW SILK WAY» VIII форумында халықаралық көлік дәліздері мен тасымалды цифрландыру талқыланды
Инфрақұрылым
15.10.2026
Ақтөбе облысында Қарауылкелді вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
15.10.2026
Вокзалдарда бақылау күшейтілді
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан теміржол транзитін қалай еселемек?
Жаңалықтар
15.10.2026
Пойыз неге рельстен шығып кетпейді? Көпшілік біле бермейтін құпия
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан халықаралық теміржол дәліздерін дамыту мәселесін ЭЫҰ елдерімен талқылады
Жолаушылар тасымалы
14.10.2026
4 мыңнан астам бейнекамера ҚТЖ пойыздарында жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Жаңалықтар
14.10.2026
Астанада Translogistica Kazakhstan халықаралық көрмесі ашылды