11 қарашада «Нұрлы жол» вокзалынан Қазақстанда швейцариялық компания технологиясы бойынша шығарылған Stadler вагондарынан құрылған алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты, деп хабарлайды Rail-news.kz. 

Вагондар күн сайын № 3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызының құрамында жүретін болады. Астанадан жөнелтілуі – сағат 13:10-да, Алматыға жетуі – келесі күні сағат 08: 30-да.

Жөнелту алдында БАҚ өкілдері жаңа вагондармен, олардың техникалық жабдықталуымен және жол жүру шарттарымен танысты. Бірінші жолаушыға естелік сыйлық табысталды.

Stadler вагондары Қазақстанның климаттық жағдайларына бейінделген және – 50-ден + 45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға есептелген. Қызмет ету мерзімі 40 жыл.

Купе вагондары 40 жолаушыға, плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Жолаушылардың жайлылығы үшін климаттық бақылау жүйелері, жеке жарықтандыру, 220 В розеткалары, USB және USB-C қосқыштары, Wi-Fi, бейнебақылау және багаж аймақтары қарастырылған. Мобильділігі төмен жолаушылардың жол жүруіне арнайы жағдайлар жасалған. Пойыз құрамына вагон-буфет те кіреді.

Бүгінгі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100 астам Stadler вагонын қабылдады. Келісімшарт 2030 жылға дейін 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізуді, кейіннен сервистік қызмет көрсетуді көздейді.

Stadler вагондарының келесі құрамы 13 қарашада «Нұрлы жол – Семей» бағдарына шығады.

Билеттер bilet.railways.kz сайтында және теміржол кассаларында қолжетімді.