Аина және оның командасы

ҚТЖ келбеті
08.03.2025, 09:31
Оқуға 3 мин
Суретті түсірген автор
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Ақкөл ауданында тұратын бұл отбасының еңбек шежіресіне қарап мамандыққа деген сүйіспеншілік пен отбасылық дәстүрлердің қалай тоғысқанын көресің. Аина осы теміржолшы әулетінің өкілі болғанын мақтан тұтады.

«Менің қыз ғұмырым, одан кейінгі келін болып, тұрмыс құрғаннан кейінгі өмірім де теміржолшылар отбасымен байланысты. Әкем Боранхан Түсіпбеков еңбек жолын Қарағанды бөлімшесіне қарасты ПЧ-25 Больше-Михайловск жол дистанциясында жол монтері болып бастаған. 2001-2024 жылдар аралығында Ақмола магистральдық желі бөлімшесінде бригадир, шебер, өлшеу бойынша шебер болып қызмет атқарды. Көптеген марапаттар иесі. Өткен жылы құрметті демалысқа шықты, – дейді кейіпкеріміз.  

Аина астаналық колледж бен Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі, теміржол көлігіндегі қозғалысты басқару және тасымалды ұйымдастыру мамандығын меңгерген. 2019 жылдан бері Ақкөл станциясында жұмыс істейді. Тауар кассирі болып бастап, жүк пен багажды қабылдап-тапсырушы қызметін де атқарған. Ал қазір тасымалдау құжаттарын өңдеу жөніндегі оператор.  

«Менің жұбайым Бақтияр Жанбербаев та теміржолшылар әулетінен. Атамыз Саттархан Әмірханов Ақмола теміржол бөлімшесінде жиырма жыл тер төккен. Ол кісі жұмысын Колутон станциясында вагон қараушыдан бастап, түрлі қызмет сатыларынан өткен. Атам саланың өсіп өркендеуіне қосқан үлесі үшін көптеген марапаттар иеленді. Ал жұбайым Бақтияр Астана техникалық колледжінде өндірістік оқыту шебері болып біраз жыл еңбек етті. 2022 жылдан бастап Ақкөлде пойыз құрастырушы. Ол еңбек жолын біліммен де ұштастырып, қазір М.Дулатов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде «теміржол көлігі тасымалын ұйымдастыру» мамандығы бойынша оқып жатыр. Біз екеуміз үнемі біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, уақыт талабына сай білімдерімізді көтеріп отырамыз», – дейді Аина.  

Сөз орайы келгенде, Жанбербаевтар отбасының теміржолда еңбек көрігін қыздырып қана қоймай, әртүрлі байқаулар мен іс-шараларға белсенді қатысып жүрген теміржолшы әулетінен екенін де айта кеткен жөн. Мәселен, олар Көкшетауда өткен «Әкем, шешем және мен – теміржолшы отбасы» деген байқауға қатысып, екінші орын алса, өткен жылы жас мамандар байқауында да жақсы көрсеткіштерімен көзге түсті.  

«Теміржолшы кәсібі – бізге әке қанымен берілген мамандық. Бала кезімізден теміржол туралы естіп біліп, еңбек аурасын сезініп өстік. Өскенде біз де әкелеріміз сияқты салаға үлес қосуға шешім қабылдадық. Әрине жұмысымыз оңай емес, бірақ өте қызықты. Мен өзімді басқа салада елестете де алмайды екенмін. Теміржол саласы тұрақты, теміржолшыларға барлық жағдай жасалған. Станциядағы біздің ұжым жастардан құралған, бір атаның баласындай өте татумыз, жұмысқа мерекеге барғандай қуана барамыз. Адамға береке-бірлігі жарасқан отбасы, тату ұжымы, сүйікті кәсібі, туған жерінен басқа не керек. Бақыт деген осы шығар», – деп сөзін түйіндеді Аина.  

Расымен Аинамен әңгімелескенде оның өз мамандығын, отбасын ерекше қадір тұтатыны сезіліп тұрды. Жанбербаевтар жас отбасы 3 және 8 жастағы екі ұлды тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлының арманы – машинист болу. Кіші ұлдың да сүйікті ойыншығы пойыздар моделі екен. Кім білген, олар теміржолшы әулетінің келешек үшінші ұрпағынан болар...  

 

Жаңалықтар
16.10.2026
Қазақстан мен Әзербайжан ТХКБ-ны дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Жаңалықтар
16.10.2026
Құлсары жол дистанциясы үздік атанды
Инфрақұрылым
16.10.2026
Сапаға кепілдік бар
Аймақтар
16.10.2026
Өндіріске – жүз жаңа тепловоз
Жаңалықтар
16.10.2026
ALT студенттері теміржолда геодезиялық тәжірибеден өтті
ҚТЖ келбеті
16.10.2026
Матай депосында 43 жыл еңбек еткен маман марапатталды
Аймақтар
16.10.2026
Қазақстан мен Ресей кәсіподақтары меморандумға қол қойды
Аймақтар
16.10.2026
Теміржолшылар тарихи жиын өткізді
Аймақтар
16.10.2026
Бір отар қой шығын болды
ҚТЖ келбеті
16.10.2026
Теміржолшылар әулеті үздіктер қатарынан көрінді
Жаңалықтар / Мұрағат
16.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №82 16 қазан 2026 жыл
Жаңалықтар
15.10.2026
NEW SILK WAY форумында Орта дәлізді дамыту мәселелері талқыланды
Жаңалықтар
15.10.2026
«NEW SILK WAY» VIII форумында халықаралық көлік дәліздері мен тасымалды цифрландыру талқыланды
Инфрақұрылым
15.10.2026
Ақтөбе облысында Қарауылкелді вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
15.10.2026
Вокзалдарда бақылау күшейтілді
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан теміржол транзитін қалай еселемек?
Жаңалықтар
15.10.2026
Пойыз неге рельстен шығып кетпейді? Көпшілік біле бермейтін құпия
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан халықаралық теміржол дәліздерін дамыту мәселесін ЭЫҰ елдерімен талқылады
Жолаушылар тасымалы
14.10.2026
4 мыңнан астам бейнекамера ҚТЖ пойыздарында жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Жаңалықтар
14.10.2026
Астанада Translogistica Kazakhstan халықаралық көрмесі ашылды