Дарақ бір жерден көгереді

ҚТЖ келбеті
17.07.2026, 08:40
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Атыраулықтарға танымал теміржолшылар әулеті Сисеновтердің саладағы жалпы еңбек өтілі 300 жылды құрайды. Бұл үлкен әулеттің бастауында Атырау облысы, Махамбет ауданы, 15-ауылында дүниеге келген бауырлар – Тұяқбай мен оның үлкен апасы Жәния тұр.

Жәния әжеміз 1930 жылы, ал Тұяқбай атамыз 1939 жылы дүниеге келген. Ата-анасы қайтыс болғанда Жәния 11 жасар, інісі 2 жасар бала екен. Сұрапыл соғыс жылдары бұғанасы қатпаған он бір-он екі жасар қыз елмен бірге тылда ауыр жұмыс істеп, жалғыз інісіне де қамқор болып, ағайын арасында өсіріп жеткізіпті. «Тыл ардагері» медалімен марапатталған Жәния Сисенова әулеттен шыққан алғашқы теміржолшы болды.  

1956 жылы Гурьев вагон пайдалану депосына вагон жөндеуші болып кіріп, тапжылмай 32 жыл еңбек етіп, 1988 жылы зейнетке шыққан. Әулеттің ақылшысы, арқасүйері болған ардақты жан 2010 жылы дүние салады. Әпкесінің жолымен теміржолға келген Тұяқбай Сисенов те 1962 жылы Гурьев вагон пайдалану депосына жұмысқа тұрып, 2003 жылға дейін, яғни 41 жыл вагон жөндеуші слесарь болып еңбек етеді. Абыроймен зейнетке шығып, 2014 жылы өмірден өтті. Жары Марфуға Сисенова екеуі үйлесімді ғұмыр кешіп, 8 перзент тәрбиелеп өсірді.  

Бүгінде 80-нен асып, ұрпағының ортасында ақылшы болып отырған кейуана – кезінде түзде теміржолдың ауыр жұмысын да қатар алып жүрген батыр ана. «Алтын алқа» иегері 1968-1996 жылдар аралығында Гурьев локомотив депосында кезекші бұрмашы, локомотивтерді жабдықтаушы және бригадир болып 28 жыл қажырлы еңбек етіп, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Жуырда мерейтойына орай локомотив депосы басшылығынан гүл шоғы мен алғыс хат алды.  

Қазіргі таңда Сисеновтер әулетінің ондаған мүшесі теміржолдың әр саласында еңбек етіп жүр. Ақзия Тұяқбайқызы 1985 жылы қарапайым байланыс механигі болып бастап, бүгінде Атырау магистральдық желі бөлімшесінде Азаматтық қорғаныс бөлімінің жетекші инженері қызметін абыроймен атқарып келеді. ҚТЖ басшысының Құрмет грамотасымен және «Қазақстан темір жолына 120 жыл» медалімен марапатталған. Мұхтар Тұяқбайұлы еңбек жолын жол жөндеуші болып бастап, 1985-2011 жылдар аралығында 26 жыл бойы тапжылмай еңбек етіп, Атырау жол дистанциясының бас инженері деңгейіне дейін жетті. Оның жұбайы Алмажай Дюржанова 1983-2022 жылдар аралығында Атырау жол дистанциясында қатардағы инженер қызметінен бастап, техникалық бөлім бастығына дейінгі абыройлы жолдан өтті. Салаға сіңірген ерен еңбегі үшін «Қазақстан темір жолына 100 жыл» медалімен марапатталды және «Құрметті теміржолшы» атағын иеленді. Тұяқбай атаның ұлы Бауыржан Сисенов 1995 жылдан бері қарапайым жол жөндеуші қызметінен бастап, бас инженер лауазымына дейінгі үлкен жолдан өтті. Қазіргі уақытта тәжірибелі маман ретінде Атырау жол дистанциясында өндірістік оқу шебері болып, жас буынды тәрбиелеуге үлес қосуда.  

2013 жылы Бауыржан Тұяқбайұлы «Ақтөбе-Атырау» бағытындағы №691 жолаушылар пойызымен іссапардан келе жатқанда тамбурда тұрып вагон дөңгелегінің айналмай, қауіпті дыбыс шығарып келе жатқанын естиді. Тәжірибелі теміржолшы бұл ақаудың соңы үлкен апатқа әкелетінін бірден түсініп, жолаушылар пойызын шұғыл тоқтатуға ықпал етті. Белгілі болғандай, ол өз әрекетімен қауіптің алдын алып, жүздеген жолаушының өмірін сақтап қалды. Жауапкершілік қасиеті мен қырағылығы үшін ҚТЖ басшылығының Алғыс хатымен марапатталды.  

Бүгінде әулеттің дәстүрлі жолы үшінші буынға ауысты. Тұяқбай немересі Әлжан Атырау жол дистанциясында жол жөндеуші болып жұмыс істейді. Соғыс басталған шақта жетім қалған екі жасар ұлдан 28 немере мен 39 шөбере тарап, бір қауым елге айналған. Ал оның бастауында бауыр десе жанын құрбан ететін қазақтың қайсар әйелі тұр.

 

 

Жүк тасымалы
21.09.2026
ҚТЖ астық штабы Қостанай мен Көкшетауда биылғы егінді шығаруды талқылады
Әлемде
21.09.2026
Аргентинада күн энергиясымен жүретін пойыз іске қосылды
Әлемде
21.09.2026
Үндістан Африка теміржол нарығындағы үлесін арттырып келеді
Жаңалықтар
21.09.2026
Машинист далада жалғыз қалған төрт жасар баланы тапты
Әлемде
21.09.2026
KORAIL Тәжікстан метросын дамытуға көмектеседі
Спорт
19.09.2026
Жүздеген теміржолшылар «ҚТЖ марафоны – Сіз де қатысыңыз» VI-шы қайырымдылық марафонына қатысты
Жаңалықтар
19.09.2026
Астанада 320-дан астам теміржолшы сенбілікке қатысты
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Сиань – Алматы халықаралық туристік пойызы Алматыға келді
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Ұлттық тасымалдаушы пойыз билеттеріне 20%-дан 30%-ға дейін күзгі жеңілдік ұсынады
Жаңалықтар
18.09.2026
Үздік белгі беру және байланыс дистанциясы
Жүк тасымалы
18.09.2026
«Қазтеміртранс» АҚ-ның Ақмола филиалы астық жинау науқаны кезінде астық тасымалдауға дайын
Инфрақұрылым
18.09.2026
Қызылорда облысында үш теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
18.09.2026
Қарағанды – Сұрыптау станциясында орталықтандыру дөңесі жаңғыртылуда
Жаңалықтар
18.09.2026
ҚТЖ вокзалдарды жаңарту бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыруды жалғастыруда
Жаңалықтар
18.09.2026
Қазақстандық делегация Қытайда өткен «Бакту– 2026» форумына қатысты
Трансформация
18.09.2026
Электровоз зауытына саяхат
Аймақтар
18.09.2026
Жаңашылдық тиімділікке бастайды
Әлеумет
18.09.2026
Теміржолшы әйелдер форумы өтті
Аймақтар
18.09.2026
Шу теміржолшылары ардагерлерді ұлықтады
Жаңалықтар / Мұрағат
18.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №74 18 қыркүйек 2026 жыл