Сай-Өтес станциясынан өтетін вагондардың қауіпсіздігін қадағалайтын вагон қараушылар кәсібилігімен ерекшеленеді. Жақында сайөтестік вагон қараушы вагон автотіркегішінің сақтандырғышы сынғанын анықтады, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Өзінің түнгі ауысымдағы міндетін атқару барысында вагон қараушы-жөндеуші Исатай Нәдіров алтыншы жолда тұрған НР2771 пойызына техникалық қызмет көрсету кезінде құрам басынан санағанда 53-вагонда НP95572400(27) автотіркегіш құрылғысының сақтандырғышы сынғанын көзімен көрді дегеннен гөрі, түйсігімен байқады деген дұрыс шығар. Өйткені, сырт көзге байқалмайтын ақау- ды ол құрылғыға мұқият зер салып, тексере келе анықтайды. Бұл станцияда табылған биылғы жылғы бірінші ақау болатын.

– Исатай – кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол вагон қараушы. Әріптестер арасында өз беделі бар. Бізге 2017 жылы Қапшағайдан ауысып келген. 2012 жылы Алматыда вагон шаруашылығы мамандығына оқып, Қапшағайда көпір жөндеу мекемесінде бірнеше жыл бригадир, мастер болған. Кейін өз туған ауылына оралып, бүгінде бесінші разрядты вагон қараушы-жөндеуші болып еңбек етуде, Бүгін мынау автотіркегіштен шыққан ақау күрделі саналады, егер байқалмағанда құрамды апатқа ұшыратуы әбден мүмкін еді, – дейді Сай-Өтес станциясындағы ТҚКП шебері Манарбек Жаңбырбаев.

Оның айтуынша, ақауы анықталған вагонға сол мезетте қажет қызметтер көрсетілген. Жөнделіп, қайта құрамға тіркелген соң алған бағытына жөнелтілген.