Шымкент электрмен жабдықтау дистанциясы өткен жылды төтенше жағдай, өндірістік жарақатсыз аяқтады. Дегенмен, пойыздардың кестеден кешігуіне себеп болған бірқатар ақаулар тіркеліп, оның бәрі дистанциялықтар күшімен жедел қалпына келтірілген, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Манкент станциясының екінші жолында №2536 пойыздың ток қабылдағышы істен шығып, оқыс оқиға ауа бағыттамасында түйіспелі сымның ілініп қалуынан орын алған. Салдарынан пойыз бір сағатқа кешігіп келді.

Электрмен жабдықтау дистанциясына қарасты байланыс желісінің құрылғылары бойынша 6 жағдай тіркелді. Мәселен, Дарбаза-Жылға өткелінің жұп жолында байланыс желісінің тірек жолы үзіліп, ток қабылдағыштың зақымдануынан №2560 жүк пойызы тоқтап қалған. Орын алған ақауды жою үшін Жылға станциясының электромеханигі Сазановтың басшылығымен құрамында 5 адамы бар бригада оқиға орнына барып, үзілген сымды жалғап, қозғалысты қалпына келтірді.

Ал №86 «Нұр-Сұлтан-Сарыағаш» пойызының артқы ток қабылдағышы сынғаны анықталып, Монтайтас-Шанақ өткелінің жұп жолында электр қуаты өшірілген. Дистанция электромонтері Досымбеков пойыздың ақауын жөндеп, қалпына келтірген соң қуат көзі қосылды.