Күзгі байқау көп кемшіліктің бетін ашты

Аймақтар
03.11.2025, 14:16
Суретті түсірген автор
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

Атырау жүк тасымалы бөлімшесі бойынша күзгі байқау қорытындыланып, шаруашылықтың қысқа дайындығы сараланды. Барлық басшылық құрам қатысқан жиында тексеру қорытындысына сәйкес 359 кемшілік анықталғаны айтылды.  

Оның ішінде локомотив шаруашылығы бойынша – 61,  вагон шаруашылығы бойынша – 87, еңбек қорғау бойынша – 17, өрт қауіпсіздігі бойынша – 60, т.б. бағыттар бойынша да кемшіліктер бар. станциялар, вагон, локомотив деполарының басшылары тарапынан қозғалыс қауіпсіздігін сақтау бойынша лауазымдық міндеттер жеткілікті деңгейде атқарылмайды. Қызметкерлердің білім деңгейі, стандартты емес жағдайлардағы іс-әрекетке дайындығы төмен. Басшылық тарапынан техникалық оқытуға мардымды көңіл бөлінбейді, нормативті-техникалық құжаттамалар дұрыс жүргізілмейді, т.т кемшіліктер сөз болды.  

Бас ревизор Жәнібек Көбеевтің баяндауынша, кейбір станцияларда айлық комиссиялық тексеру үлкен кемшіліктермен және атүсті жүргізіледі. Ауысым жұмысшыларының іс-әрекеті бақыланбайды, лауазымдық нұсқаулар, станцияның технологиялық процесі жеткілікті деңгейде жүргізілмейді. Станцияларға тән кемшіліктер – мамандардың білім деңгейінің төмендігі, кейбірінде штат жеткіліксіздігі, құжаттаманы дұрыс толтырмау, шпалдардың шашылып жататыны, сынған башмақты пайдалану, еңбек қорғау шараларының сақталмауы, өрт қауіпсіздігі, яғни ғимарат пен станция аумағында өрт гидранттарының жоқтығы, жұмысшыларға санитарлық-тұрмыстық жағдай жасалмауы, т.б.  

Вагон пайдалану депосында қозғалыс қауіпсіздігін анықтауға бағытталған ұйымдастыру-техникалық шаралары тиімді пайдаланылмайды. Басқару-нұсқаушы құрам жұмысы қадағаланбайды, технологиялық процеспен бекітілген вагон жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге берілетін уақыт номалары сақтала бермейді, талқылау актілері мен хаттамалары жоқ. Басшылық тарапынан нұсқаушылардың вагон паркін сақтау бойынша жұмысы қадаланбайды. Жөндеу пункттері де қосалқы бөлшектермен толықтай қамтылмай отыр, ал ол вагондарға қызмет көрсету мен жөндеуде үлкен кемшілік туғызады, қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Мәселен, тексеріс кезіндегі 13 пойыздың 72 вагонынан ақау табылып, 16 вагон ағымдағы жөндеуге ағытылған, 5 вагон қайта жөндеуге жіберілген. Жолаушылар тасымалы шаруашылығында да жолаушылар вагондарына ТО-1, ТО-2 техникалық қызмет көрсету лайықты жүргізілмейді, техникалық сабақтар да дұрыс өтпейді. Вагон қараушылар вагондарға техникалық қызмет көрсету кезінде кемшіліктерді анықтап, олқылықты жоймайды. Соның ішінде тежегіш пен жүру бөлшектеріне жеткілікті мән берілмей қалады. Нәтижесінде тексеріс барысында Атырау станциясының 4-ші жолында тұрған 2 вагон қайта жөндеуге жіберілген.  

Локомотив шаруашылығы бойынша Мақат және Атырау деполарында көптеген кемшілік анықталған. «Атап айтқанда, машинист-нұсқаушылармен локомотив бригадалары құрамымен тәрбиелік-алдын алу жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмейді, машинист жұмысын бақылау төмен, қозғалыс қауіпсіздігін сақтау бойынша кешенді ұйымдастыру және техникалық шаралар жүзеге асырылмайды. Локомотив деполарының басшылары мен орта буындары, нұсқаушылар тарапынан өздеріне қарасты мәселелер бойынша қажетті шешім алынбайды. Көктемгі тексерістен қалған кейбір кемшіліктер әлі күнге түзетілмеген. Жұмыс технологиясын жүргізу, қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында ұйымдастырушылық және техникалық шаралар алу, цехтар мен учаскелерді тексеру, локомотивті жөндеу сапасын қадағалау, техникалық қызметінен кейін локомотивтердің жағдайын тексеру, т.б. мәселелер кемшін, локомотив бригадаларының демалысы дұрыс ұйымдастырылмайды және тиісті демалыс күні берілмейді. Локомотив бригадаларының техникалық сабағын өткізу сапасы қанағаттанғысыз, көрнекі құралдар жоқтың қасы. Өндірістік және оқыту жұмыстарын ұйымдастыру төмен. Нәтижесінде Мақатта – 4,  Атырау депосында 3 тепловоз қолданыстан алынған», – деді Ж.Көбеев.  

Мақат сервистік орталығында да техникалық қызмет көрсету,   қосалқы бөлшекпен қамтамасыз ету және еңбек қорғау талаптарын сақтауда кемшіліктер кездескен. Негізгі құралдар бойынша қосалқы бөлшектер жетіспейді, жылдамдық өлшегішті жөндеу ұзағырақ уақыт алып нәтижесінде локомотивті жөндеуден мерзімінде шығаруға кедергі болады.  

Жол шаруашылығы бойынша 401 кемшілік анықталып, 53 тыйым салу шарасы қолданған. Ол кемшіліктер жол шеберлері мен бригадирлердің өз міндеттеріне салғырт қарағандығы және дистанция басшыларының қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда жеке қатысу нормативтерін орындамаудан туындаған. Жолдың үстіңгі қабатының техникалық жағдайы төмен. Жолдар мен бұрмалардың жағдайы жеткілікті бақыланбайды. Бағыттамалы бұрмалардың ұштары желінген, майысқан, жолдың арақашықтығы үнемі қадағаланбайды. ПЧ-9 бойынша Атырау, Махамбет, Ақжайық станциялары мен Атырау – Мақат учаскесінде тыйым салу шаралары алынған тұстар көп, кей жерлер 10 мм-ге отырып кеткен. Ақжайық станциясында 10 бұрма, 1 жол жабылған. Баяндамашының айтуынша, жолдарда мал басу деректері де азаймай тұр. Әсіресе Атырау – Ганюшкино учаскесінің Сазанқұрақ, Нарын, №11, №14 разъездерде мал басу оқиғасы көп кездескен.  

Атырау, Ақжайық, Құлсары белгі беру және байланыс дистанцияларында да технологиялық процесс кестесі сақталмайды, құрылғыларды тексеру, жөндеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді, барлығы 214 кемшілік табылған. СОБ, байланыс, радио цехтарын, ЖАТиС құрылғысын қадағалау тиісті деңгейде қамтамасыз етілмейді. Кейбір құрылғылары тозып, мерзімі өтіп кеткен, сол себепті 8 прибор қолданыстан алынып, оқшауланған 1 участок өшірілген. Электрмен қамту дистанциясы бойынша да жылдағы кемшіліктер қайталанады, жоспарлы жұмыстар, аудандық цех жұмыстары жеткілікті қадағаланбайды, оларды уақытында түзеп отыруға бақылау, құрылғыларды технологиялық процесс талаптарына сай тексеру өз деңгейінде болмайды. Барлығы 88 кемшілік анықталған. Өрт қауіпсіздігі бойынша 3 оқиға орын алған, мұнда да тиісті талаптар сақтала бермейді.

Жиын соңында тексеру комиссиясының төрағасы, Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Аслан Базарғалиев, кемшіліктердің көбі әркімнің өз жұмысына салғырт қарауынан деген қорытындыға келгенін атап өтті. «Егер әр маман өз жұмысына жауапкершілікпен қараса, кемшілік те аз болар еді, алайда іс жүзінде олай болмай шығады. Сондықтан ең алдымен өзімізге өзіміз талапты күшейтіп, әр маман, әр басшы жауапкершілікті күшейтуі тиіс» деді ол. Жиын қорытындысында аталған кемшіліктерді жоюға қатысты қатаң шешімдер қабылданды.  

 

Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Сиань – Алматы халықаралық туристік пойызы Алматыға келді
Жолаушылар тасымалы
19.09.2026
Ұлттық тасымалдаушы пойыз билеттеріне 20%-дан 30%-ға дейін күзгі жеңілдік ұсынады
Жаңалықтар
18.09.2026
Үздік белгі беру және байланыс дистанциясы
Жүк тасымалы
18.09.2026
«Қазтеміртранс» АҚ-ның Ақмола филиалы астық жинау науқаны кезінде астық тасымалдауға дайын
Инфрақұрылым
18.09.2026
Қызылорда облысында үш теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
18.09.2026
Қарағанды – Сұрыптау станциясында орталықтандыру дөңесі жаңғыртылуда
Жаңалықтар
18.09.2026
ҚТЖ вокзалдарды жаңарту бойынша ауқымды бағдарламаны іске асыруды жалғастыруда
Жаңалықтар
18.09.2026
Қазақстандық делегация Қытайда өткен «Бакту– 2026» форумына қатысты
Трансформация
18.09.2026
Электровоз зауытына саяхат
Аймақтар
18.09.2026
Жаңашылдық тиімділікке бастайды
Әлеумет
18.09.2026
Теміржолшы әйелдер форумы өтті
Аймақтар
18.09.2026
Шу теміржолшылары ардагерлерді ұлықтады
Жаңалықтар / Мұрағат
18.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №74 18 қыркүйек 2026 жыл
Әлеумет
17.09.2026
Достық станциясында теміржолшыларға арналған жатақхана жаңартылды
Жаңалықтар
17.09.2026
Локомотив шаруашылығы қысқы кезеңге дайындалуда
Жаңалықтар
17.09.2026
ЕО Орталық Азия арқылы өтетін көлік дәлізіне €12 млрд-қа дейін инвестиция тартпақ
Станция тынысы
17.09.2026
Талас станциясының бүгінгі тынысы
Аймақтар
17.09.2026
Семей станциясында қауіпті өткелдер бақылауға алынды
Әлемде
17.09.2026
Өзбекстанда Қытайдың екінші CRRC пойызы қатынай бастады
Жаңалықтар
17.09.2026
Отар – Шу учаскесіндегі оқу-жаттығуға өрт сөндіру пойызы қатысты