Маңғыстау жол дистанциясының ашылғанына алпыс жыл
Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілші
Түбек теміржолының Маңғыстау жол дистанциясының ашылғанына алпыс жыл толды. Осыған орай мекеме мерейтойын атап өтті. Теміржолшылар күнімен тұспа тұс келген мерейтой күні дистанция тарихында елеулі із қалдырған ардагерлердің құрметіне дистанцияның алдынан құрмет тақтасы ашылды.

Сондай-ақ, дистанция ғимаратына мекемеге көп еңбегі сіңген алғашқы басшылары Сағынай Қошқарбаев, Есберген Ерпановқа мемориалдық тақта орнатылды.

Жиын барысында Үсен Имашев пен Қожахмет Уәзір дистанция тарихы туралы кітаптың тұсауын кесті.

Шара соңы аудандық орталық мәдениет үйіндегі марапаттау рәсімі мен мерекелік концертке ұласты. Теміржолшының еңбегі, соның ішіндегі жолшының машақаты туралы сахналық қойылымдар қойылды. Жол саласы қызметкерлерінің өзі көрінбесе де олардың кәсібіне адалдығы мен еңбегі жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, теміржолмен өтетін талай тағдырға жауап беретін абыройлы міндет екені жан-жақты көрсетілді.

Іс-шараның соңы қонақтарға арналған мерекелік дастархан басында жалғасты.
