Шу теміржолшылары ардагерлерді ұлықтады
Шу электрмен жабдықтау дистанциясында жылдар бойы жемісті еңбек етіп, осы ортадан зейнеткерлікке шықса да, білген-түйгенін өздерінен кейінгі жас буын өкілдерімен бөлісіп жүрген ардагерлер баршылық.
Солардың бірі – Лозовая Ольга Геннадьевна. 1959 жылы Шу қаласында дүниеге келген ол саладағы алғашқы еңбек жолын 1978 жылы бастап, Шу электрмен жабдықтау дистанциясы бастығының орынбасары, бас инженер, жөндеу-тексеру учаскесінің бастығы болып еңбек етіп, зейнетке шыққан.
Ал Анарбекова Сауле Жанатқызы еңбек жолын Шу жол дистанциясында жол монтері болып бастап, Шу электрмен жабдықтау дистанциясында электр монтері, сосын ұзақ жыл Жиделі станциясындағы қосалқы тартым станциясының кезекші электр механигі болып зейнетке шыққан. Бұл кісінің жолдасы Анарбеков Марат Оразұлы да осы Жиделі станциясындағы түйіспелі желі ауданында қызмет етіп зейнетке шыққан екен.
– Бір ұл, екі қыз өсірдік. Ұлымыз Сакен М.Тынышбаев атындағы көлік университетін бітіріп, бүгінде Жиделі станциясында түйіспелі желі ауданының бастығы қызметін атқарып келеді. Екі қызымыз да Шу станциясында еңбек етеді. Бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман, теміржолымыз табысты болсын! – дейді Сәуле Жанатқызы.
Жуырда Шу электрмен жабдықтау дистанциясының бастығы Аблезов Ерлан Нұрланұлы бастаған ұжым мүшелері ардагерлермен кездесу ұйымдастырды.
Дистанция басшысы аға буын өкілдерін өткен кәсіби мерекемен құттықтап, ұзақ жылғы адал еңбектері үшін алғыс айтты. Ал осы жиынға арнайы келген Шу теміржолшы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынбай Халық жоғарыда аталған үш ардагерді Астанадан арнайы жеткізілген Теміржолшы ардагерлер орталық кеңесінің Алғыс хатымен марапаттап, азаматтардың иығына шапан жапса, әйелдерге ақ жаулық тағып, мерейлерін үстем етті. Ардагерлер өздеріне көрсетілген сый-құрметке алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Динара БАТЫРХАИРОВА, Шу станциясы