Шу локомотив пайдалану депосында студенттерге «Ашық есік күні» өтті
"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі
Жастарды теміржол саласына тартып, тұрақты жұмыспен қамтуда кәсіби-техникалық мамандықтардың артықшылықтарын түсіндіру мақсатында Шу локомотив пайдалану депосында «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Аудан орталығындағы №10 Шу колледжінің студенттері «Ашық есік күнінде» ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорындағы еңбек процесімен танысты. Оқу орны ауыл шаруашылығы және теміржол салаларына мамандар даярлап, кәсіптік-техникалық білім береді. Сондықтан бұл іс-шара болашақ мамандар үшін өндіріспен танысуға таптырмас мүмкіндік болғанын айта кету керек. Әсіресе темір жолдың жылжымалы тартым құрамын пайдалану, вагондар мен рефрижераторлы жылжымалы құрамды пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, мамандықтары бойынша оқып жатқан жастарға депода өткен экскурсия өндірістік сабақтан кем түскен жоқ.
Локомотив бригадаларының нұсқаушысы Денис Ярулин студенттерге техникалық оқыту және еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік кабинеттері мен цехтарын аралатып көрсетіп, депо тарихымен де таныстырды. Кәсіпорында еңбек ететін мамандарға жүктелетін міндеттерді жіктеп, темір жолдың транзиттік әлеуетіне де тоқталды.
Сонау 1929 жылы Түрксіб құрылысына байланысты айналым пункт ретінде құрылып, төрт жылдан кейін депо санатына ауыстырылған құрылымдық бөлімше бүгінде іргелі кәсіпорынға айналған. Депо паркі әр жылдарда жаңа тепловоз, электровоздармен толықтырылып, тасымалмен қатар локомотивтерге техникалық қызмет көрсетумен де айналысады.