ТЕХОЛ компаниялар тобына жататын Атырау вагон жасау зауытының жыл сайын әлеуеті артып, жұмысы қарқын ала бастағаны байқалады. Жуырда мұнда 1000-шы ашық вагон жасап шығарылды.

Салтанатты іс-шараға Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қатысты. Аймақ басшысы өңірде мұнай-газ саласымен қатар машина жасау бағыты да дамып, заманауи өндіріс орындары құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын атап өтті.  

– Атырау вагон жасау зауыты – осы жұмыстардың жарқын үлгісі. Кәсіпорын сериялық өндірісті жолға қойып, өнім түрлерін көбейтіп, Көлік министрлігі, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде сыртқы нарыққа шығып жатыр. Моңғолиямен арада вагон жеткізу туралы келісім бар. Бұл біздің отандық өнімге сұраныс бар екенін көрсетеді. Бір кездері біз вагондарды Ресейден, Белоруссиядан, басқа да елдерден сатып алып жүрдік. Ал енді жаңа кәсіпорында вагон доңғалақтарынан бастап, толық циклды әртүрлі жүк вагондарын өз жерімізде құрастыруға мүмкіндік туды. Зауытта және компаниялар тобының сабақтас кәсіпорындарында 1400 адам еңбек етеді. Бұл көрсеткіштің артында осынша отбасының әл-ауқаты, жастарға берілген мүмкіндіктер мен облыс экономикасының нығаюы тұр. Зауыт ішінде вагондар жасап шығару, сынақтан өткізу және жөндеу бағыттарын біріктіретін өндірістік кластер қалыптасып келе жатыр, – деді ол.  

Атырау вагон жасау зауыты – Орталық Азиядағы жүк вагондарын жасап шығаратын жаңадан салынған толық циклды алғашқы кәсіпорын. Зауыттың қуатына келсек, жылына 6-8 мың вагонды құрап отыр. Бүгінде өндірістік желіде жартылай вагондар, жабық вагондар, хоппер вагондары, сұйытылған газ бен мұнай өнімдерін тасымалдайтын цистерналар бар. Зауыт келесі жылы модельдер қатарын кеңейтіп, күкірт қышқылы мен өсімдік майларын тасымалдауға арналған цистерналар, 80 футтық фитинг платформалар жасап шығаруды қолға алмақ. Биылғы шілдеде Атырауда темір жолдың жылжымалы құрамын сынақтан өткізетін тәуелсіз ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. 2026 жылдың аяғына дейін 500 қызметкерді жұмысқа қабылдап, оқыту көзделген. Болашақта жұмысшылар саны 3 500 адамнан аспақ, ал инвестициялық цикл аяқталғасын өндірісті локализациялау деңгейі 96%-ға жетеді деген жоспар бар.  

Индустриялық кластерді дамыту аясында биылғы шілдеде зауытта тәуелсіз ғылыми-зерттеу сынақ орталығы ашылды. Ол жылжымалы құрам мен оның тораптарын Қазақстанда сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Texol Steel» ЖШС құйма зауытының құрылысы да өңірде өнеркәсіптік кластердің дамуындағы маңызды қадам болды. Өндірісті дамыту және өнеркәсіп инфрақұрылымын кеңейту Атырау облысында жылжымалы құрамды дайындау, сынақтан өткізу және жөндеу бағыттарын қамтитын біртұтас теміржол кластерін қалыптастырады.