10 қараша күні таңғы сағат 7.03-те жаңғыртылған Маңғыстау вокзалынан «Маңғыстау-Семей» бағытындағы №37/38 жолаушылар пойызы жап-жаңа вагондармен жолға шықты.
Жолаушылар тасымалы алға тартқан мәліметке сүйенсек, жолаушылар вагондары кезең-кезеңімен отандық заманауи вагондарға ауыстырылмақ. Вагон паркін жаңғырту бағдарламасы аясында батыс өңіріне биыл 71 жаңа жолаушылар вагоны жеткізіліпті. Қазір еліміздің батыс және шығысын байланыстыратын «Маңғыстау-Семей» бағытындағы жолаушылар жылжымалы құрамына ауқымды жаңарту жүргізілуде. Мұндай вагондар түбек теміржолының шығысқа қатынайтын бағытынан бөлек Маңғыстау – Ақтөбе жолсапарына да қосылып отыр.
– Қазір біздің жолаушылар тасымалына қолданысқа енгізіліп жатқан жаңа «45» сериялы вагондар «RWS Wagon» зауытында қауіпсіздіктің, энергия тиімділігінің және жайлылықтың талаптарына сәйкес құрастырылып шығарылған. Бұл вагондардағы басты артықшылықтың бірі ретінде, алдымен жолаушыларға өте ыңғайлы екенін атар едік. Аудио ақпараттандыру және жарықтандыру, ауыстыратын үстелдер, жеке сейфтер қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін көтергіш механизмімен арнайы вагондар да бар. Жалпы, жаңа вагондар гипоаллергенді материалдармен әрленіп, тозуға төзімді материалдардан жасалған. Климатты бақылау және ауаны дезинфекциялау жүйелері жұмыс істейді. Жиналмалы ұйықтайтын орындар, бөбек жөргектейтін үстелдер, USB порттары мен 220 вольттық электр розеткалары, Wi-Fi, жуынатын душымен биодәретханалар және заманауи жылу оқшаулау жүйесімен жабдықталған. Бәрі де жол бойына жолаушыға жағымды атмосфера қалыптастырып, жолаушы тасымалының қызмет сапасын арттыру мақсатында істелінген, – дейді Батыс аймақтық жолаушылар тасымалы Маңғыстау телімінің бастығы Мырзабек Сүйінғарин.
Оның айтуынша, Маңғыстау – Семей бағытына су жаңа 39 вагон, яғни үш құрама қатынайтын болады. Әр құрамдағы 13 вагонның ішінде 6 купе мен 6 плацкарт, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бір вагон және вагон-мейрамхана бар. Ал Маңғыстау – Ақтөбе бағытына 11 вагоннан үш құрам дайындалып отыр. Бұл вагондарда қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау құрылғылары, өрт сөндіру жүйелері, жылдың кез келген уақытында жайлылықты қамтамасыз ететін орталық ауа баптау жүйесімен қамтамасыз етілген.