Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан-Ауғанстан бағыты бойынша алғашқы құрам жолға шықты. Бұл туралы 20 қыркүйекте "Ферғана" АА "Узбекистон темир йуллари" (Өзбекстан темір жолы) ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған мультимодальдық дәліз бойынша жүк тасымалдау Қашғар (Қытай) теміржол станциясынан Ош (Қырғызстан) теміржол станциясына дейін автомобиль көлігімен жүзеге асырылады. Одан әрі Мазари-Шариф станциясына дейін (Ауғанстан) Өзбекстан арқылы теміржолмен жүреді.

Inbusiness.kz сайтының жазуынша, бірінші пойыздың құрамына азық-түлік, тұрмыстық техника мен халық шаруашылығының қажеттіліктері үшін өнімдер тиелген он екі 40 футтық контейнер кірген.

"Есептеулер бойынша, Ауғанстан бағытында ғана осы мультимодальдық бағыт бойынша жүк тасымалдау көлемі жылына шамамен 4 мыңнан астам контейнерді құрайтын болады", – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Өзбекстан аумағы арқылы жүк тасымалдауға 70%, мультимодальді дәліздің басқа елдерінің аумағы бойынша 50% жеңілдік жасалады.

Осы жылдың маусым айында Пәкістаннан Өзбекстанға Ауғанстан арқылы автомобиль жүк дәлізі де жұмыс істей бастады. Ұзындығы 2 760 шақырым маршрут Карачи портынан Пешавар, Кабул, Мазари-Шариф және Термез арқылы Ташкентке өтеді.