Францияда 2026 жылғы 6 қарашада жаңа буындағы жоғары жылдамдықты электр пойызы коммерциялық пайдалануға берілді, деп хабарлайды Rail-news.kz. 

TGV M деп аталатын жаңа құрамды Alstom компаниясы Avelia Horizon технологиялық платформасы негізінде әзірлеген. Францияның Ұлттық теміржол компаниясы (SNCF) жаңа пойызды пайдалануға қажетті рұқсатты Еуропалық теміржол агенттігінен (ERA) 2026 жылғы маусымда алған.

Алғашқы кезеңде TGV M Париж – Марсель – Ницца бағыты бойынша қатынайды. Шаңғы маусымында пойыз Альпі аймағына қатынайтын бағыттарға да шығарылады.

Екі қабатты электр пойызы 740 жолаушыға дейін қабылдай алады. Alstom компаниясы оны Avelia пойыздарының бесінші буыны негізінде жасаған. Жаңа құрамның аэродинамикасы жақсартылып, салмағы оңтайландырылған және тартқыш жабдықтары тиімдірек жаңартылған. Соның арқасында пойыз толық жүктемемен жүрген кезде энергияны 32 пайызға дейін үнемдей алады.

Сонымен қатар алдын ала техникалық қызмет көрсету жүйесі енгізілген. Бұл пойыздарға қызмет көрсету шығындарын 30 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Alstom әр жылдары шығарған Avelia сериясының 2,2 мыңнан астам пойызы әлемнің 25 елінде пайдаланылып жүр. Олардың жалпы жүріп өткен қашықтығы 10 млрд шақырымнан асады.