Маңғышлақ станциясының теміржолшылары еңбек қорғау тәртібін сақтауды дағдыға айналдыруы қажет.Маңғышлақ станциясының бас инженері Бағыбай Исатаев осылай дейді. Оның ақпарынша, өткен жылы күндіз және түнгі уақытта, барлығы 56 тексеріс жүргізіліп, 19 қателік анықталыпты. Оның ішінде теміржолшылардың арнайы жұмыс киімін кимеу, қауіпті аймақта ұялы телефон қолдану, пойыз құрастырушылардың маневрлік жұмыс барысында жіберген қателіктері көп кездесіп отыр. Бас инженердің айтуынша, көрсетілген қателіктер сол мезетте қолға алынып, тиісті шаралар қолданылған. 6 теміржолшыға ескерту беріліп, 2-уіне қатаң сөгіс жарияланған . Сонымен қатар, мұндай қателіктердің алдын алу үшін техникалық сабақтар ұйымдастырылып, орын алған олқылықтар талқыланып, оларды қайталамау жолдары айтылған. -Жұмыс орнында қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында өткен «Еңбекті қорғау және жұмыста жарақат алудың алдын алу» айлығы барысында станция басшыларының қатысумен кестеге сәйкес 11 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде анықталған 3 кемшіліктің бәріне тәртіптік жаза қолданылды. Сондай-ақ, 21 қараша мен 21 желтоқсан аралығында өткен «Теміржолда - ерекше қырағылық» айлығы аясында 4 тексеріс жүргізіліп, 6 кемшілік анықталды. Сөгіс беретіндеріне сөгіс, жаза беретіндеріне жаза тағайындалды,- деген бас инженер әрбір теміржолшы еңбек қорғау тәртібін сақтауды дағдыға айналдырғанша бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.