Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Давосте өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумға қазақстандық делегацияны басқарып барып, онда Қазақстанның инвестициялық және көліктік хаб ретіндегі мүмкіндіктері туралы тұсаукесер өткізуі жоспарланған. Сонымен қатар, қазақстандық делегацияның әлемнің технологиялық саласының танымал тұлғалары қатысқан «Төртінші индустриялдық революцияға дайындық» тақырыбындағы форумның панельдік сессиясына қатысуы көзделген. Сессияға қатысушылар төртінші индустриялдық революцияға қалай дайындалу керектігі, ол қазіргі жұмыс орындарына қалай ықпал етпек және жалпыға бірдей кіріс базасына қалай қарау керек сияқты мәселелерді талқыға салмақ. Форум алаңында инвестиция саласында ісі оңға басқан бірқатар шетелдік компаниялармен және ұйымдар басшыларымен, өкілдерімен іскерлік кездесулер өткізу межеленген. Олардың арасында, инвестиция, өнеркәсіп, жер қойнауы байлығы, химия салаларында жұмыс істеп жүрген  «Enerco Distribuzione», «Glencore», «Siemens», «Evonik», «AirSpan», «Sun Group», «Vedanta Resources», «CRRC», «IC Ibrahim Cecen Yatirim A.S.», «Koc Holding» сияқты Қазақстанда қазірдің өзінде жобаларын жүзеге асырып жатқан немесе жоспарлап отырған компаниялар бар. Бұдан бөлек, форум аясында «Капитал нарығын дамыту үшін  шетелдік инвестицияларды тарту» және «Жібек жолы тиімділігі» сессиялары өтпек, мұнда Жеңс Қасымбек бастаған топ Қазақстанның инвестиция және көлік хабы ретінде көптеген елге мүмкіндік ашатынын  егжей-тегжейлі түсіндіріп, әңгімелеп бермек.

Ислам ТАЛҒАТ