Жыл өткен сайын қызмет көрсету сапасы, соған сай қуаттылығы да артып келе жатқан «Транстелеком» АҚ еліміздегі ірі операторлардың бірі. «Транстелеком» АҚ Ақтөбе қаласындағы филиалы өткен жылы 800-ден астам телефон орнатып, 900 абонентті кең жолақты интернет желісіне қосты. «Ақтөбетранстелеком» филиалының былтырғы табысы алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға артты, ал интернет желісіне қосу қызметі 50 пайызға көбейді. Бөгде клиенттерден келетін кіріс желтоқсан айында жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 40 пайызға артты. Бұл өз кезегінде компанияның табыстылығын көрсетіп отыр.  Тек соңғы бір жылдың өзінде «Ақтөбетранстелеком» компаниясы Талғат Бигельдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты мен Хлебодаровка ауылындағы әуежайға, сонымен бірге тағы бірнеше ірі нысандарға қызмет көрсете бастады. Филиал өзге операторлармен тығыз қарым-қатынас орната бастады. Жаңадан бой көтеріп жатқан Батыс-2 ықшам ауданындағы ондаған үйге FTTB технология бойынша интернет желісін жүргізіп берді. Филиал басшылығының мәліметінше, 2017 жылы «Ақтобетранстелеком» FTTB технологиясы бойынша оптикалық байланысты Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына да жүргізіп көрмек. Сонымен бірге, колледждер мен мектептерде, балабақшаларда «Smart Мектеп» бағдарлама қосымшасын енгізуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, «Транстелеком» АҚ  - көлік саласына телекоммуникациялық қызмет түрлерімен қатар, инфокоммуникациялық қызмет түрлерін де көрсетеді. Негізінен теміржол байланыс жүйесіне техникалық қолдау көрсетіп, модернизациялау жұмыстарына жауап береді. Алматы мен Астана аралығында оптикалық-талшықты байланыс жүргізді, теміржол бойындағы елді мекендерге телефон байланысымен қатар, интернет желісіне  қосу жұмыстарын жүзеге асырады. 

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе