Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Қайырымдылық марафоны шеңберінде
2 мин чтения
Семейлік теміржолшы жастар жылашар іс-шаралар легін қызу қарқынмен бастап кетті. Атап айтсақ, ағымдағы жыл бойы жалғасатын қайырымдылық марафонының алғашқы кезеңін үлкен құлшыныспен қолға алды.
Аталмыш акция аясында бөлімшенің жаңа толқыны жергілікті теміржолшылардың мүгедек балаларына көмек жасау мақсатында кең көлемде жәрмеңке өткізді.
Жастардың қайырымдылық мақсатындағы қаржы жинау бастамасына бөлімше басшылығы қолдау білдіріп отыр. Өткен жылы бастау алған бұл жобаға биыл да «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің Семей жүк тасымалдау бөлімшесі бойынша аймақтық өкілі Ләззат Айтмұханова жетекшілік етті.
Өткен аптаның бейсенбі, жұма күндері таңертеңгілік мезгілде бөлімшенің бірінші қабатындағы кең фойеде тағам өнімдерінің қызу қарқынды жәрмеңкесі өтті. Әріптестеріне ұсынылатын ас-ауқаттың барлығын теміржолшы қыздар өздері пісірген. Жігіттер де атсалысып, қайырымдылық жәрмеңкесіне арнап жұбайларына тәтті-дәмділер әзірлетіпті. Сол себепті, бұл күндері бөлімше қызметкерлері бір ауыздан түскі асқа асханаға бармай, жастар жәрмеңкесінен тағам сатып алып, өзіндік үлес қосуды ұйғарды.
Теміржолшылар жастардың үйден әзірлеп әкелген кондитерлік өнімдері мен ыстық самса, бәліш, бауырсақ пен тоқаштың сан алуан түрі, тәтті құймақ пен торт, бисквит сынды өнімдерін дем сәтте сатып алып, тіпті, көпшілігіне жетпей де қалды.
Нәтижесінде екі күнде өткізілген шара барысында жастардың қайырымдылық мақсатында ашқан бюджетіне 57 мың 18 теңге көлеміндегі қаржы түсіпті. Ал бұл соманы қандай мұқтаж жандарға беру керектігі жөніндегі мәселе алдағы уақытта өтетін жастар кеңесінің басқосуында талқыға түсетін болады. Тиімділігі мол мұндай қайырымдылық мақсатындағы жәрмеңкелерді алдағы жаз бен күзде де өткізу жоспарлануда.