Маңғыстау бөлімшелік көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы Маңғышлақ станциясындағы дүкендер мен асханалардың, жолаушылар пойыздары мен ұшақтардың, вагон мейрамханаларының тазалықтары мен медициналық талаптарын, тағам мәзірлерін  тексереді. Дәл қазір мекемеде жоспардан тыс тексерістер жүруде. Жоспарлы тексерістің ақпан айынан басталатындығын айтқан бас маман Гүлмира Аюпова өткен  жылдың жоспарында ерекше тәртіппен 37 нысан тексерілгенін мәлімдеді. Тексеріс барысында 19 бұзушылық анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, 699930 теңге көлемінде айыппұл салынған. ҚР халықтың санитарлық эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою жөнінде мекеме басшыларына 25 нұсқама беріліп,  3 адам кезекті медициналық байқаудан өтпегендіктен жұмыстан шеттетілген. Сонымен қатар, 8 жолаушылар вагондарының су сынамасы санитарлық – микробиологиялық зерттеу нәтижесі бойынша санитарлық ереженің талаптарына сай келмеуіне байланысты нысандардың жұмысын тоқтату туралы 4 қаулы шығарылып, сотқа талап-арыз беріліпті.   ─ 2016 жылы жоспардан тыс 8 тексеріс жүргізілді. Оның ішінде санитарлық ұйғарымның орындалысы бойынша 3 тексеру, 2 тексеріс эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша, 3 тексеріс Маңғыстау көлік прокуратурасының талаптары бойынша жүргізіліп, қорытындысында Маңғыстау көлік прокуратурасының ұсынысы негізінде 615 090 теңге көлемінде 22 айыппұл салынды, - дейді Гүлмира Аюпова. Бас маманның айтуынша, өткен жылы теміржол көлігінде 2 туберкулез ауруы тіркелген екен (2015 жылы 1 жағдай). Тіркелген ауруларды науқастың тұрған жеріне қарай аудандық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармалары есепке алған. Сондай-ақ, теміржол және әуе жолындағы мекемелермен 12 семинар-кеңес өткізіліп, газет беттерінде «Қауіпті кесел», «Өз құқықтарыңызды білесіз бе?», «Тұтынушы құқықтарын қорғау туралы не түсінесіз?»  сияқты мақалалар жарияланып, жолаушыларға «Тұмаудан сақтаныңыз!» т.т. қауіптің алдын алу және сақтандыру  буклеттері таратылған.

Әсел ТАҢАТАРОВА,

Маңғыстау