Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Жамбыл өңіріне іс сапармен келген ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Жанат Омарбекова Жамбыл локомотив пайдалану депосында болып, жұмысшылармен кездесті. Теміржолшылар алдында сөз алған Жанат Әнуарбекқызы бүгінгі күні қызу талқыланып отырған Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы төңірегінде ой қозғады. –Елбасы қазақстандықтардың әлеуетін көтеруді, еліміздің даму даңғылында нақты бағыттарды айқындап берді. Естеріңізде болар, Елбасы өз Жолдауын жариялаған күні әр қазақстандықтың қолында үш кілт болуы керек деді. Үйінің, кеңсесінің және көлігінің кілті қолында бар азаматтың әлеуметтік жағдайы төмен деп кім айта алады. Жолдаумен мұқият танысатын болсаңыздар, Сіздердің салаларыңа да қатысты тың мәселелер көтеріліп отыр. Елімізде көліктік-логистикалық кешеннің дамуы жаңа бағытта өркен жаятын болады, – деген Жанат Омарбекова теміржолшылардың көптеген сауалдарына жауап берді. Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалуы барысында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай есеп беріп, бүгінгі күні облыс орталығында 46 мыңға жуық азаматтың жер кезегінде тұрғандығын алға тартып, алдағы жылдары инфроқұрылымдар толық тартылып біткен соң бұл мәселе де өз шешімін ретімен табатындығын айтып өтті. Ал биылғы жылы 1 600 азаматқа жер телімі беріледі екен.Ерман ӘБДИЕВ, Тараз