Ерлан ҒАЗЕЗ, Семей
Ауғанстан – жүректегі жарасың...
2 мин чтения
Мыңдаған жүректерге өшпес жара салып, қаншама қылқын жасты қыршынына қиған Ауған соғысының лаңын қазақстандықтар естен шығара қойған жоқ.
Семей жүк тасымалы бөлімшесінің мәжіліс залында Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылғанына 28 жыл толуына орай ауған соғысы ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Шараға Ауғанстанда борышын өтеген, қазіргі уақытта темір жол саласында еңбек етіп жүрген азаматтар мен жас буын теміржолшылар қатысты.
–Тарих бетінде қанды ізін қалдырған ауған соғысы 1979 жылы басталып, сол кездегі саясат он жылға созылған соғысқа кеңес әскерін де қатысуға мәжбүр етті.
Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеуге 22 мың отандастарымыз аттанды. Қаншасы қаза тауып, енді бір тобы із-түзсіз жоғалып кетті, тағы бір бөлігі мүгедек атанды. Ал, елге аман оралғандары бейбіт өмір кешіп әр салада, ел игілігі үшін еңбек етуде. Қазіргі уақытта Семей жүк тасымалы бөлімшесінде Ауған соғысының 22 ардагері жұмыс істейді, - деді жиынды ашқан салалық кәсіподақ ұйымы ораталық Кеңесінің Семей аймағындағы өкілі Алик Досанов.
Кездесуде кешегі интернационалист жауынгерлер әскери қақтығыс кезіндегі естеліктерімен бөлісіп, жас буынның сұрақтарына жауап берді. «Бейбіт заманда бөтен елдің тыныштығы үшін опат болған боздақтарға мәңгі тағзым. Бұл соғыс аналардың көз жасы мен жас сарбаздардың қанымен жазылған. Біз көрген қиындықты көрмеңіздер, Сіздер, жастар, тек өз еліміздің шекарасын қорғаңыздар!», – деген тілегін білдірді Семей қалалық Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Боранбай Бегатов сөз соңында.
Шара соңында «Ерлік – ұрпаққа мұра», «Ауғанстан – жүректегі жара», тақырыбында өлеңдер оқылып, патриоттық әндер шырқалды.