Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Қардан тазартты
1 мин чтения
Биылғы маусымның қарлы болуы Сыр теміржолшыларын жыл басынан бері қармен күресуге мәжбүрлеуде.
Жолшылар мен станциялықтардан бөлек, тек қыз-келіншектер еңбек ететін вокзал қызметкерлері де перрон мен вокзал маңын ақ ұлпадан тазарту жұмысына жұмылған. Бүгінде Ұлттық компания мекемелеріндегі құрылымдық өзгерістерге сай вокзалдардағы қызмет көрсету функциялары Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі әкімшілігіне қараған. Вокзал шаруашылығы жылдың қай мезгілінде болса да, өз кәсіптеріне адалдығын танытуда. Мысалы, бүгін Қызылорда вокзалының ұжымы сенбілік ұйымдастырып, қолға күрек саймандарын алып жолаушылар пойызы тоқтайтын басты жол бойының қатқан қарын тазалап шықты.
–Вокзал маңы мен перрондардың тазалығы бізге сын. Мұнда құрсауланып тапталған қар сүймен көмегімен алынатын халге жеткен және оны тазалау едәуір жұмыс. Ашық тумбалардың бәрі қармен толтырылған. Бүгін сенбілікте жұмыс формамен жүргеніміз – пойыз келерде жан-жаққа тарап, әркім кәсіби міндетін атқаруға кіріседі, ал бос уақытымызда перронды тазартудамыз, – дейді ерлер атқарар істің нәзік жандылардың мойнына жүктелгенін әзілмен жеткізген вокзал бастығының кезекші-көмекшісі Болған Бақбергенқызы.
Әрине, қармен күрес сенбілігіне тек нәзік жандылар ғана емес, үйілген қар мен мұзды арбаға салып тасып жүрген ерлер де көзге шалынады.