Өткен аптаның соңғы күндері Оңтүстікте толассыз жауын жауып, арты қарға айналды. Ал бүгінде күн райы күрт жылып, жауған қарды ерітуде. Мұның бәрі әрине, су тасқынын тудыратын факторлар. Жылда осы уақытта Арыс, Бадам өзендерімен қатар бөгеттерден қауіптенетін аймақ теміржолшылары сумен күреске дайын отыратын әдеттерімен биыл да шұғыл дайындық жасауда. Жауын тоқтамаған соң Шымкент  жол дистанциясының басшылығы жол бойындағы 88 көпір мен 22 құбырдың тазалығын тексеріп, қауіпсіздігіне көз жеткізіп қайтты.    –Бадам, Тоғыс су бөгеттері мен Манкент станциясындағы Ақсу өзенінің су деңгейінен күнде хабар аламыз. Бір айдан бері Шымкент станциясында тасқынға қажетті тас, құм, рельс-шпал қалдықтары тиелген 7 вагон дайын тұр, – дейді Шымкент жол дистанциясының өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Ноян Өтешқалиев. Ірілендірілген Арыс жол дистанциясының Түркістан бағытындағы Шошқакөл жылда көктемде арнасынан асып жатады. Қамыс басқан бұл көл суы қардың еруімен толысып, осы маңдағы Шәуілдір – Түркістан тас жолын басып қалады. Дистанцияның бас инженері Болатбек Салмұрзаевтың айтуынша, Шошқакөлге жақын тұстағы Күншағыр – Отырабат теліміндегі 3124, 3126, 3129 шақырымдарда қазір де су жиналған, бірақ, деңгейі темір жол деңгейіне көтерілмеген. Телім басшылары жағдайды бақылауда ұстауда. Судың шектен тыс көбейгені жайлы хабар түссе, 8 вагонға тиелген материалдар мен  қажетті саймандар дайын.  Ал, Арыс өзенінен өтетін  Қостүйін көпірінде су деңгейі көтерілмеген. –Түлкібас жол дистанциясы бойынша су өткізетін 272 құбыр мен 89 көпірдің тазалығы күні-түні назарда. Жолшылар Күркіреусу – Сұрым аралығында Теріс – Ащыбұлақ су бөгетінен ертелі-кеш хабар алып тұрады. Түлкібас станциясында 7, Боранды бекетінде 13 вагон платформа жасақталған. Ақсу-Жабағылы тауының етегіндегі Боранды, Абайыл, Шақпақ бекеттеріне қар көп түсетіндіктен, су тасқынының алдын алатын қажетті заттарды жыл сайын Борандыда дайындап қоямыз, – дейді дистанцияның өндірістік-техникалық бөлім бастығы Ғазиза Сүлейменова.

Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент