Әжесінен қазақ өнерлерінің қасиетін қанына сіңіріп өскен бойжеткен Гүлмира Қанибайдың қолынан шыққан бұйымдарды көріп  көңіліміз көтерілді. Өйткені, қазір қолөнермен айналысатын қыздарымыздың сиреп бара жатқаны жасырын емес.  Десе де, Гүлмирадай он саусағынан өнер тамған аруларымыз барда, қазақ өнері өлмек емес.   Қызылорда аграрлы-техникалық колледжін «Теміржол көлігімен тасымалды ұйымдастыру және басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған Гүлмира Қонақбайқызы «Қызылорда-ЖТ бөлімшесінің» персоналды басқару бөлімінде жұмыс істейді. Жұмысына да аса тиянақты бойжеткен әріптестері арасында ісмерлігімен де ерекше құрметке бөленген. Әсіресе, ерекше  сәнге құштар құрбылары оның қолынан шыққан туындыларына, мәселен шашбау, бантик, түрлі стильдегі, қалыптағы шаш қыстырғыштарына «құда түседі» де жатады. – Мен әжемнің тәрбиесінде болдым, ол кісінің жүнді жуып тазалап, бояп,  ұршық иірген ісін көзбен көріп өстім. Менің қызығушылығымды  байқаған Манат мамам маған тоқу ісінің әдістерін үйрете бастады. Қазір сол балалық жаста үйренгенім өзіме көп көмегін тигізуде, – деген Гүлмира тоқыма тоқу өнері зейінді арттыратынын айтады.  Өрнек өру ерекше жабдықты, арнаулы орынды, белгілі мезгілді керек етпейтін  қарапайым әрі әр отбасына тиімді өнер. Қолөнерін үйренуге деген ынта мен жігер кез-келген қаракөзді аз уақыт ішінде кесте тоқуға, ою ойып, зерделеп іс тігуге машықтандырады. Теміржол саласының темірдей тәртібіне мойынұсынумен қатар анасы мен әжесінің тәрбиесімен келген киелі өнерді жалғастырып жүрген Гүлмира  сүйікті хоббиі жайлы сүйсіне әңгімеледі.
  • Шашқа тағатын қыстырғыштың сан алуан түрі қармақты біз немесе ілмек бізбен ілмелеп тоқыла береді. Кейде жасайтын шаш қыстырғыштың көлеміне қарай арнайы инемен де тоқылады. Қазақтың қолөнерінде тоқу бұйымдары уақ малдың кәрі жілігінің шыбық сүйегінен, жарып алған жіліншіктің қыр сүйегінен егеп, үшкірлеп дайындайтын шеберлердің қолынан шығатын болса, қазір сауда сөрелерінде мұндай құралдардың сан түрі дайын күйінде сатылады, – деп өнерінің қыр-сырымен бөлісті.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда