Әсел Таңатарова, Маңғыстау
Атқыштар командасының күзетшісі
2 мин чтения
Бүгінгідей заманда «мынау ер адамның жұмысы», «анау әйел адамның жұмысы» деп бөле-жаратын еш кәсіп қалмады. Оның үстіне, нарық заманы табыс табудың қандай да түрін болсын жат санамайды.
Мысалы, күзет қызметі – ер адамдардың жұмысы. Бірақ, осы кәсіпті жылдар бойы атқарып, бала-шағасын асырап отырған қыз-келіншектер де бар. Соның бірі «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ Маңғыстау станциясындағы атқыштар командасының күзетшісі Нұрсәуле Сомова.
Бейнеу станциясында туып-өскен Нұрсәуле отбасы жағдайына орай 1995 жылы Бейнеу атқыштар командасына қарауыл бастығының көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Екі жылдан соң жұмыс бабымен Маңғыстау командасына күзетші болып ауысып, 22 жасында осындағы теміржолшы жігітке күйеуге шығады. Бүгінде 43 жастағы кейіпкеріміз үш баланың анасы. Өзі күзет қызметінде, жолдасы өрт сөндіру пойызында еңбек етеді.
Нұрсәуле жұмысына қатты үйреніп кеткенін, өзіне ұнайтынын айтады. Жақыннан
бастап ол қарауыл бастығының көмекшісі қызметінде. Сондықтан тек телефонға жауап беріп, Атыраудағы диспетчерлермен байланысып отырады. Келген жүк пойыздарын кітапқа тіркеп, жазып қояды. Қажетті қағаздарды толтырады. Мекеменің ішкі қауіпсіздігіне жауап береді. Күзетшілер Бейнеуден жүк вагондарына ілеспе күзетпен келеді. Сейфтегі қаруларды соларға шығарып беріп, келген кезде қабылдап алу жауапкершілігі де Нұрсәуленің мойнында.
Маңғыстаудағы теміржол мекемелерінің барлығын осы әскерилендірілген күзет күзетеді.
Таңертеңгі жиналыстан соң әр күзетші өзінің күзету аумағына кетеді. Сол жердің тыныштығын қамтамасыз етіп, әр екі сағат сайын орталыққа хабарлама жіберіп отырады.
Нұрсәуле Сомованың ата-анасы да теміржолшы болған жандар. Әкесі станция кезекшісі, ал анасы өзі секілді теміржол күзетінде жұмыс істеп зейнетке шыққан екен.
– Бала күнімде күзетші болуды армандадым дей алмаймын, әрине. Бірақ анамның жұмысын көріп жүріп тез үйреніп кеткенім рас, сондықтан қиын болмады, – дейді Нұрсәуле Сомова.
Оның үш ер баласы бар. 17 жастағы тұңғышы колледжде оқиды. Одан кейінгілері мектепте. Алдыңғы екеуі күреске қатысады, соңғысы шахмат ойнайды. Анасына қолғабыс етуге қай-қайсысы да даяр.