Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Жастарды қызықтыратын сауал көп
2 мин чтения
Ақтөбенің жас теміржолшылары таяуда Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. Ұлттық компания президенті жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің аймақтық өкілі Нұрден Салыхов аталған құжаттың жастар үшін қызықтыратын тұстары көп екенін жеткізді.
Сондықтан басқосуда оның маңыздылығы талқыланып, жастардың сауалдарына бүгінде Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ комитетінің төрағасы, белгілі теміржолшы Қанат Әлмаханов жауап берді.
– Елбасы Жолдауы, ең алдымен халықты жаңашылдыққа жетелейді. Бұл біздің теміржолға да қатысты. Осыдан он жыл бұрынғы локомотив паркі мен қазіргі паркті салыстырып қарайық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біз сонау мұхиттың арғы жағына асып, тепловоздарға американдық дизель орната бастадық. Сол үшін арнайы мамандарды АҚШ асырдық, жолдамамен барып, білім алып қайтты, тәжірибе жинақтады. Елге оралған соң, әріптестеріне үйретті. Сөйтіп аз уақытта американдық дизельмен қатынайтын локомотив паркі қалыптаса бастады. Бұл да болат жол бойындағы үлкен реформалардың бірі болды, бірақ паркті жаңалаудың түпкілікті шешімі емес еді. Жылдар өте біз тепловозды модернизациялаудан өзімізде шығаруды бастадық, зауыт салдық, құрастырып бастадық. Бірте-бітре отандық өнімді экспортқа шығардық. Бұл дамудың келесі кезеңі. Міне, осы ретпен бізді алда үшінші жаңғыру кезеңі күтіп тұр, – деп түсіндірген Қанат Әлдебайұлы жастардың көкейлерінде жүрген сансыз сауалдарға жауап беруге тырысты.
Аға теміржолшының айтуынша, саласы бір орында тұрмақ емес. Әрдайым ізденіс пен өзгерістің болғанын қалайды. Жұмысты оңайлату, оңтайландыру мақсатында әрдайым тың идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер жасалады.
– Сендер әлі жассыңдар. Дегенмен, әрдайым ізденіс үстінде болуларың керек. Жастар саясатын жүзеге асыру арқылы көшбасшылар анықталады. Елбасы айтқандай, жұмысты ойлау керек. Бір кездері жұмыс көлемі азайып, жұмысшылардың қиналғанын да көрдік. Жұмыс сағатын азайтуға тура келді. Машинистерге «егер сағатыңды азайтпасақ, әріптесің жұмыссыз қалады, отбасын асырай алмайды, сондықтан не қысқартуға ұшырайсыңдар немесе жалақы мөлшері азаяды» деп түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Абырой болғанда, мұның барлығы уақытша болды. Ал енді сендердің міндеттерің, индустрияландырудың жаңа кезеңін бағындыру, – деген ардагер теміржолшы жастарға үлкен сенім артылып отырғанын меңзеді.