«Қызылорда – ЖТ» бөлімшесінің мәжіліс залында аймақ теміржолында еңбектеніп жүрген  қыз-келіншектерді барша ер-азаматтар атынан бөлімше басшылары  Аманкелді Арысбаев пен Ибрахим Басықараев құттықтады. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бөлімшенің персоналды басқару бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген салтанатты жиында тек ерлер қызмет жасап, нәзік жандылар құрметке бөленді. Партияның теміржол филиалы қызметкері Ғани Байұлы тізгіндеген жиын президиумына ерен еңбегімен бағаланған теміржолшы әйелдер отырды. Алғашқы құттықтау сөзді бөлімше директоры Аманкелді Арысбаев бастап, аймақтағы теміржолшылар мерейін асырып жүрген жаны нәзік, рухы мықты әйелдер қауымын айтулы мерекемен құттықтады. – Мереке жақындаған сайын ер азаматтар аяулы анасына, сүйген жарына, ардақты апа-қарындасына не сыйласам деп бас қатырады. Әрине, бұл мерекеде ғана ерлердің ойына оралатын нәрсе емес, әйелге құрмет үлгісін біз күн сайын көрсетіп жүрміз. Әйтсе де, әйел-аналарымыздың меншікті мерекесі күні сый-құрмет те екі еселене түспек. Ару аналарды ерекше құрметтейтін халық ұрпағы бүгінде оларды «Жер ана», «Сыр ана» және «Ана тілі» деп ерекше құрметке бөлеп қадір тұтады. Біздің бөлімше қызметкерлерінің 30 пайызы әйелдер болып саналады, олар ерлермен иық тіресіп жұмыс жасап, еңбек көрігін қыздырып келеді. Мереке күні осы жаны нәзік аруларымызға аймақ теміржолшылары атынан мықты денсаулық, еңбекте табыс, отбасында береке тілеймін, – деп ілтипат білдірді бөлімше басшысы. Бөлімше басшылары аймақ теміржолының дамуына үлес қосып жүрген бір топ еңбек майталманына Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттармен марапаттап, құшақтарын гүлге толтырды.

Сабыр НӘДІР, Қызылорда