Қызылорда теміржол торабындағы ғылыми-техникалық кітапхана сала теміржолшыларына кітап ұсынумен қатар абоненттерді мерзімді баспасөз өнімдерімен қамтып, ақпараттық және анықтамалық, библиографиялық көмек көрсету қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар, теміржолшыларды «АСУ НТИ», «КИП» және базалы «АБИС-ИРБИС-64» бағдарламасы арқылы қажетті электронды ақпарттармен де қамтып келеді. Бұл қызметтерге қосымша кітапхана станциядағы салалық мекемелердің әр қайсысына жекелей бір күн арнап ақпарат күнін өткізеді. Бүгінгі осындай жұмыс жоспары кестесі Қызылорда белгі беру  және белгі беру дистанциясында ұйымдастырылып, дистанция теміржолшылары кішігірім «көшпелі кітапхананың» қызметін пайдаланып, ақпараттармен сусындады. Техникалық бағыттағы кітаптарды, газет-журналдарды, теміржолшылардың кәсіби саласына қатысты іріктелген ақпараттарды сөрелей жайған кітапханашының ақпарат күніне арнайы әкелгенін бағалаған дистанциялықтар көптеген құнды мәліметтермен танысты.  –Кітапханашы кез-келген абонентті қажетті ақпаратпен, мерзімдік БАҚ өнімі немесе әр сала қызметіне сай библиографиялық мағлұматтармен қамтумен жұмысын атқарады. Сонымен қатар мекемелерінде ақпарат күнін өткізіп, оларды қажетті баспа өнімімен, мерзімді басылыммен қамту, жаңашыл идеялармен қамтамасыз ету шараларын жүргізіп келеміз. Бүгін дистанциядағы ақпарат күні «кітаппен кеңес, білімдімен теңес» тақырыпта өткізілуде. Біздің кітапхананың бірнеше тұрақты оқырманы осы дистанцияның теміржолшылары, – дейді бүгінгі жұмысы жайлы таныстырып өткен Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің ғылыми-техникалық кітапханасының кітапханашысы Райхан Темірғазиева.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда