Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Жол бойының тазалығына кім жауапты?
2 мин чтения
Темір жол жиегіне орналасқан елді мекен тұрғындарының тұрмыс қалдықтарын жол бойына тастап, қоқыс алаңына айналдыруы – күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе.
Шымкент жол дистанциясындағы 3318 шақырымның бесінші пикеті, 3319 шақырымның үшінші және алтыншы пикеттерінің бойы жолшылардың бас ауруына айналғалы қашан. Дистанцияның бас инженері Нұралхан Мұсаевтың айтуынша, жолшылар өздеріне тиесілі аумақты жіті қадағалап, тазалап тұрады. Бірақ, сол маңдағы кейбір тұрғындар үйлерінен шыққан тұрмыстық қалдықты жол жағасына әкеп төгуді дағдыға айналдырғаны сонша қанша жыл күресіп келе жатса да, нәтиже болмай отыр.
– Осы бойынша Сайрам ауданының әкімдігі мен «Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық» мекемесіне хат жолдадық. Билік өкілдері мен аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары қадағалап, қоршаған ортаның тазалығы үшін, тұрғындарға айыппұл салып, шара жасауын сұрадық. Жолшылар жолдың күтімін жасай ма, тұрғындардың қоқысын жинай ма, бұл қашанғы жалғаса бермек? Әрі Шымкент – Манкент телімінен күніне отыздан аса жолаушылар пойызы өтеді. Ары-беріден келе жатқан жолаушылардың бәрі осы лас жерлерді көреді, – дейді бас инженер шарасыз бас шайқап.
Дистанцияның еңбек қорғау инженері Қалия Иманбекова аталған аудандық әкімдік мамандары хатпен танысқанын, жақын уақытта бұл істі қолға алатынын айтқанмен, нақты әрекет байқалмай тұрғанын айтады.