Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Рельсарқалық зауыты: технологиялық жаңғыртудың жарқын үлгісі
2 мин чтения
Ақтөбеге ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев келді. Сапар барысында Ақтөбе рельсарқалық зауытында болып, ондағы технологиялық ерекшеліктерімен танысқан үкімет жетекшісіне зауыт басшылығы соңғы үлгідегі жабдықтарды көрсетті.
Зауытта Үкімет жетекшісінің қатысуымен «Мемлекте басшысының жолдауы аясында Ақтөбе облысының кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту» тақырыбында алқалы отырыс өтті. Оған жергілікті билік өкілдерімен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев, сондай-ақ аймақтағы ірі және орта кәсіпорын басшылары қатысты.
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында аталған тапсырмаларға сәйкес, еліміздегі индустрияландыру жұмыстары Ақтөбе рельсарқалық зауыты секілді жоғарғы экспорттық әлеуеті бар, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға басымдық бере отырып, жалғастырылатын болады, – деді Үкіметбасы өз сөзінде.
Рельсарқалық зауытында «Siemens VIA Metals Techologies» атты жаңа технология қолданылады, ол технология мұнда шығарылатын рельстерді жоғары жылдамдықтағы қозғалыс желілерінде және жүк жүктемесі жоғары желілерде пайдалануға мүмкіндік береді. Зауыт басшылығы Премьер-министрдің назарына зауыттан шығып жатқан, соңғы жылдары еліміздің теміржол құрылысында кеңінен қолданыла бастаған рельс өнімдерін ұсынды.
Айта кетейік, отандық рельс өнімдері бүгінде Алматы-1 – Шу теміржол желісінің екінші жолдарын салу кезінде кеңінен қолданыла бастады. Сонымен қатар салынып жатқан Құрық портының паромдық кешенінің жобаларына апаратын жолдарда да Ақтөбенің рельс төселіп жатыр. Тіпті, Астана қаласындағы теміржол вокзалы кешенінің құрылысында да қазақстандық болат жолдар төселуде.
Зауыттың бас директорының орынбасары Марат Ибрагимовтың айтуына қрағанда, жалпы Қазақстанның магистральдық теміржол желісін жаңғырту үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және Ақтөбе рельсарқалық зауыты арасындағы рельс сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімшарт аясында 2022 жылға дейін 600 мың тоннадан астам рельсті жеткізу жоспарлануда екен. Сондай-ақ, ішкі нарықты қамтамасыз етуден өзге, рельс өнімдерін көрші елдерге экспорттау басталды деуге болады.