Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Су деңгейі қайтты дегенмен…
2 мин чтения
Апта басында Сырдария тосын мінез танытты. Қармақшы ауданының Абыла елді-мекеніне жақын маңдағы жайылымды су басып, соның салдарынан 28 бас уақ мал шығыны орын алып, бес жүзге жуық қой-ешкі тілсіз жаудың қыспағында қалып қойды.
«Қызылорда жүк тасымалы» бөлімшесіне қарасты теміржол нысандары мен жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндірер жағдай орын алған жоқ, яғни жайылымдық шабындықтарға жайылған су теміржол нысандарына қауіп төндірген жоқ. Бұл, әрине, ең алдымен теміржолшылардың күні бұрын қам жасап, көпірлер мен арық-жыраларды тазалап, қарқынды су мен тасқын судың өтер жолдарын кедергісіз, ашық, таза ұстауының нәтижесі деп білген жөн.
Сыр бойы теміржолшылары жыл сайын дария суынан төнетін қауіптің алдын алып, бақылауда ұстауды естен шығарған емес, оған дайындық ауа райының құбылысына байланысты, кейде тіпті наурыз тумай, ақпан айында ақ күн күрт жылынып кетуі мүмкін.
– Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қызылтам – Анакөл және Қызылтам – Қаракеткен телімдерінде жылжымалы құрамдардың қауіпсіз қозғалысын сақтау мақсатында теміржол көпірлері ен жасанды құрылыстарда тазарту жұмыстары жасалып, механиктер мен телім басшылары тәулік бойы кезекшілік өткізді. Атап айтқанда Қызылтам – Анакөл телімінің, Қызылтам –Қаракеткен телімінің бойындағы он шақты көпірлер мен құбырлар, жасанды имараттар тазаланып, дариядан тасыған ағын судан төнген қауіптің алдын алу шаралары нәтижелі жүргізілді. Қауіпті бейтараптандыру жұмысына АРБ мен МПТ техникасы жұмылдырылып көпір бригадалары жұмыс істеген. Қазіргі таңда болат жол телімдеріне төнген қауіп сейіліп, судың деңгейі қайтты. Дегенмен, судан төнер қауіп жоқ деп жайбарақаттық танытар жайымыз жоқ, біз білетін дария аяқ астынан тосын мінез танытуы әбден мүмкін, – дейді бөлімшенің бас инженері Берік Бекжанов.